Комиссияны құруда тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі бағдарламаны жүзеге асыру тиімділігіне ұдайы мониторинг жүргізу және оны бағалау мақсаты алға қойылып отыр.
Ереже бойынша, комиссия бағдарламаны жүзеге асыру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеп, оларды Елбасының қарауына ұсыну; тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі бағдарламаны жүзеге асыру тиімділігіне мониторинг жүргізу және оны бағалау; бағдарламаны жүзеге асыру мәселелері бойынша облыстық (респубдликалық маңызы бар қалалар мен Астананың), аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) жергілікті атқарушы билік мекемелерінен құрылған комиссиялардың есептерін қарау міндеттерін атқарады.
Мемлекеттік комиссия өз құзыреті аясында орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы билік органдарынан өзіне жүктелген міндеттерді атқаруға қажетті ақпараттар, құжаттар мен материалдарға сұрау сала алады. Комиссияның отырыстары қажеттілікке сәйкес тоқсанына бір реттен кем емес өткізіліп отыруы тиіс. Мемлекеттік комисияның жұмысшы органы - ҚР индустрия және сауда министрлігінің құрылыс және тұрғын үй -коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитеті болып табылады.
Комиссия төрағасы болып ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметов, төрағаның орынбасары болып ҚР индустрия және сауда министрі Әділбек Жақсыбеков, комиссияның хатшысы болып ҚР индустрия және сауда министрлігінің құрылыс және тұрғын үй -коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитетінің төрағасы Қайсар Омаров тағайындалды. Сондай-ақ, комиссия құрамына ҚР қаржы министрі Арман Дунаев, ҚР президенті әкімшілігінің ұйымдастыру-бақылау жұмысы және кадр саясаты басқармасының мемлекеттік инспекциясының мемлекеттік инспекторы Ермек Имантаев, ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетов, республикалық бюджеттің орындалуын қадағалау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев, ҚР президенті әкімшілігінің жетекшісінің орынбасары - экономикалық саясат басқармасының бастығы Ербол Орынбаев, мәжіліс аппараты жетекшісінің орынбасары Василий Осипов пен Алматы қаласының әкімі Виктор Храпуновтар енді.
Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі 2005-2007-жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуын қадағалайтын мемлекеттік комиссия туралы ережелердің мәтіні ресми баспасөзде жарияланды.