Елімізде тұрғын үйлерге жылу есептегіш құралдарын орнатуға 8 млрд. теңге бөлінді

Оның айтуынша, қазіргі таңда аталмыш құралды таратудың жеңілдетілген тетігі қарастырылды. Қаржыны игеру мақсатында облыстардан тапсырыстар қабылданады. Сол тапсырыс негізінде өңірлерге есептегіш құралдарды республикалық қаражаттан бөлінген қаржыға қоюға мүмкіндік беріледі.

Жиынға қатысқан «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасы Анатолий Шкарупаның сөзіне қарағанда, жылу есептегіш құралдарды орнатуға кеткен бюджет қаржысын тұрғындар 4 жыл ішінде кері қайтаруы тиіс. Мемлекет әр үйге қаражат салмағы түспесін деген мақсатпен қымбат тұратын бұл құрылғыны таратудың осындай тетіктерін қарастырды. Құрылғыны қарызға қондыру үшін тұтынушылар мен табиғи монополия нысаны және «Тұрғын үй шаруашылығын дамыту қоры» АҚ арасында үшжақты келісімшарт жасалуы тиіс. Жылу есептегіш құралдар қойылғаннан кейін 4 жыл ішінде республикалық бюджеттен бөлінген қаржы табиғи монополия нысаны арқылы «Тұрғын үй шаруашылығын дамыту қоры» АҚ-ға қайтарылуы тиіс. Бұл ретте «Тұрғын үй шаруашылығын дамыту қоры» АҚ жеке тұлғалар мен мемлекет арасындағы әріптестікті дамытуда маңызды роль атқарып отыр.

Жылу есептегіш құралдарды орнату үшін табиғи монополия нысаны аталмыш құралдарды орналастыруды қаржыландыру жөнінде бекітілген үлгіде «Тұрғын үй шаруашылығын дамыту қоры» АҚ-ға тапсырыс беруі керек. Тапсырыс берер алдында табиғи монополия нысаны («Жайықжылуқуат» АҚ) жергілікті әкімдікпен бірігіп, жылу есептегіш қойылатын үйлердің техникалық мүмкіндігін тексеріп, құқықтық базасын дайындап, әр пәтердің төлемақысының мөлшерін анықтап алуы тиіс. Тапсырысты «Тұрғын үй шаруашылығын дамыту қоры» АҚ қарап, 10 күн ішінде жауабын береді. Келісілген жағдайда табиғи монополия нысаны мен аталған акционерлік қоғам арасында қаржылық лизинг жөнінде келісімшарт жасалады. Бұл құжатта табиғи монополия нысаны анықтаған жеткізуші көрсетілуі тиіс. Әрі қарай жұмыс белгіленген тәртіп бойынша жүргізіледі.

Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне қарағанда, «Жайықжылуқуат» АҚ Орал қаласы бойынша 1163 тұрғын үйге жылу береді. 2005-2014 жылдар аралығында 213 тұрғын үй жалпыүйлік құрылғымен қамтамасыз етілген. Бұл аталмыш құрал қажеттілігінің 25 пайызын құрайды. Өткен жылы кәсіпорын инвестициялық бағдарлама бойынша тұрғын үйлерге 100 есептегіш құрылғы орналастырды. Күні бүгін 13 үйге есептегіш құрал қойылып, қалған үйлерге дайындық жұмыстары жүргізілуде.



Жылу есептегіш құралы бұрыннан бар және апатты жағдайда тұрған үйлер мен мұндай құрылғыны орналастыруға техникалық жағдайы көтермейтін баспаналарды есептемегенде, қазіргі таңда облыс орталығындағы 468 тұрғын үйге 478 жылу есептегіш қондыру керек. Сондай-ақ Ақсай қаласындағы 103 көп қабатты тұрғын үйге 238 дана осындай құрылғы қажет. Биыл «Ақсайжылуқуат» МКМ 10 тұрғын үйге 15 жылу есептегіш құрал қондырған.