Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Себебі отыз күннен асқан соң ресми түрде тіркелуіңіз керек. Бұл тәртіп басқа қалада тұратын таныс, жақынын іздеп барғандар мен қызмет барысымен тұрғылықты жерін ауыстырған азаматтарға тікелей қатысты. Терроризм туралы заңға осындай өзгеріс енгізіліпті.
Тұрғындар бір айдан асқан соң тіркелуі тиіс. Бұл жалдамалы пәтерде тұрып жатқандарға да қатысты. Яғни, енді жайлы жұмыс іздеген жұрт үлкен қалаларда тіркеусіз емін-еркін жүре алмайды деген сөз. Сенаторлар осы тәртіпке келгенде қарсылық білдірді.
Олар мұны Астанада тұрғысы келетін жастардың жолын жабу деп есептейді.
Мәжілісмендердің айтуынша, халыққа қызмет көрсету орталықтарда тіркелу үшін небары 15 минут кетеді. Оның үстіне бұл тұрғындардың үй, мектеп, балабақшаға кезекке тұруына көмектеседі екен.
Ал, үйінде тіркеусіз адам тұрғызғандар ірі көлемде айыппұл төлейді. Бұдан былай пәтерін лаңкестерге жалға берген қожайындар да жауапқа тартылады. Бірақ, Парламент терроризм туралы заңды әлі толық қабылдаған жоқ. Төменгі палата құжатты екі айға жуық талқылап, тек бірінші оқылымда мақұлдаған. Оны әлі Сенат қарауы тиіс.