Елімізде ұшақ билетінің құны арзандай ма?

Құрылғалы жатқан жаңа тасымалдаушы канадалық «Bombardier» ұшақ құрастыру зауытының өнімін қолданбақ. Яғни ішкі рейстері осы CRJ шағын ұшақтарын пайдалану жоспарланып отыр. Ал қазір әуе тасымалымен айналысатын 5 компанияның «Air Kazakhstan»-мен толығуы ішкі нарықтағы жағдайды өзгертуі мүмкін. Біріншіден баға саясаты қайта қаралады.

Серік Мұхтыбаев, Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:

–Әуе тасымалдарындағы динамика азаматтардың жылдам, әрі ыңғайлы көлік түріне көңіл бөліп жатқандығын көрсетеді. Теміржолдағы жолаушыларды ұшақтарға аудару біздің басты мақсат. Себебі Алматы-Астана бағытындағы «Тальго» мен ұшақтың құны теңесіп қалды.  

2015 жылы алғашқы ұшағы «көкке көтеріледі» деп жоспарланып отырған «Air Kazakhstan»-ның қызмет ету ережелері де өзгеше болады. Жолаушыларға ыстық тамақ берілмейді және орындықтарды шалқайту мүмкіндігі алынып тасталмақ. Бастысы қазіргі таңда еліміздегі 21 әуежайдың тек 12-не ұшатын «Air Astana» және өзгелерін бөліп алған «SCAT» пен «ВЕК Air»-ға бәсекелестік күшееді. Ал бәсеке бар жерде сапа мен бағаның сыналатыны аян. Дегенмен «Скаттықтар» әлі болжам жасауға ерте десе, «Air Astana» бұл жаңалыққа қуаныпты.


Белла Тормышева, «Air Astana» әуе компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі вице-президенті:

–Жаңа әуе компаниясының қосылатындығына қуаныштымыз. Себебі олар ішкі рейстерді орындап, облысаралық қатынастарды жаңдандыра түспек. Біз бәсекелестіктен қорықпаймыз, себебі олар біз ұшпайтын жерлерге рейстер орындауы тиіс.

Айта кетейік,құрылғалы отырған жаңа  әуе компаниясымен аттас бренд ел тарихында бұрын болған. Бірақ 2004 жылы банкротқа ұшырады. Мамандар бұл жолғы «Air Kazakhstan»-ның ол қателікті қайталамайтынына сенімді. Өйткені серіктесі әлемге әйгелі «Bombardier» компаниясы, ал басты акционері Қазақстан Үкіметі.