Елімізде «Венгрияны танып-білем десеңіз» атты ұранмен бірқатар шаралар өтпек

2011 жылдың алғашқы жартысында Венгрия Еуроодақтың кезекті төрағасы міндетін атқарады, осы орайда Венгрия Республикасының Алматыдағы Бас консулдығы «Венгрияны танып-білем десеңіз» деген ұранмен бірқатар шаралар өткізетіндігін мәлім етті. «Аспаздық өнерге тәнтілер венгр дастарханы фестивалінің арқасында Венгриямен таныса алады, ал классикалық музыка тыңдармандарына Ференц Лист шығармаларының концертін ұсынамыз. Сонымен қатар киносүйер қауымға арнап венгр фильмдерінің фестивалі өтеді», -дейді Бас консул.

Сондай-ақ ол ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2007 жылы Венгрияға жасаған сапарынан кейін екі елдің экономикалық байланыстары қарқынды дами бастағандығын айтады. Аталған екі ел арасында экономикалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім бар. Осы келісім негізінде үкіметаралық комиссия жұмыс істейді, оның үшінші отырысы 2011 жылдың күзінде Қазақстанда өтпек.

Бас консулдың айтуынша, екі ел арасындағы тауар айналымы дағдарыс қарсаңындағы кезеңде шегіне жетіп, 500 млн. АҚШ долларынан асқан, оның ішінде венгрлік экспорт 403 млн. долларды құраса, импорт 111 млн. долларды құраған. «Дағдарыс салдарынан жеткізілімдер 70 және 40 пайызға төмендеді. 2010 жылы оң беталыс байқалып, тауар айналымы арта түсті», -дейді ол.


Қазіргі таңда елімізде 60-қа жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істеуде. Негізінен венгр фирмалары Теңіз кенішіндегі құрылыс жұмыстарына белсене атсалысуда.