Елімізде вирустық гепатитті емдеудің ең тиімді жолы табылды

Шетелдік озық технологиямен өндірілген дәрі-дәрмектер қазір республикалық орталықтарға таратылуда. Халықаралық гепатитпен күрес күніне орай саланың сақа мамандары бүгін арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Бұған дейін гепатиттің ауыр түріне шалдыққан науқастар арасында өлім-жітім көп болған. «Енді жаңа емдік терапия арқылы хал үстінде жатқандарға үміт сыйлауға үлкен мүмкіндік бар», - дейді дәрігерлер. Жалпы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде вирустық гепатитті жұқтырған 2 миллиардтан астам науқас бар. Ал Қазақстанда орта есеппен халықтың 8%-ы созылмалы B гепатитіне, сондай-ақ 3%-ы С гепатитіне шалдыққандар. 2011 жылдан бастап еліміздің барлық өңірлерінде 19 гепатологиялық орталық ашылған. Осы кесел меңдеген 35 мыңдай науқас тіркеуде тұр. Дәрігерлердің тиімді жұмысының арқасында соңғы жылдары 5 мың адам қауіпті кеселден құлан-таза айығып кетті.      

- Осыған дейін қолданылып келген емдеу жолы, атап айтқанда, эндорфероннан айырмашылығы – емдеу уақыты қысқарып отыр. Осы уақытқа дейін С гепатитін 6 айдан 12 ай емдейтін болсақ, қазір сол уақыт 3-6 айға дейін қысқарып отыр. Екіншіден, емдеу тиімділігі де біршама өсіп отыр, деді Ұлттық онкология және трансплантология орталығының гепатологы Қаһарман Есмембетов.