Еліміздегі 250 мың бүлдіршін 10 күннен соң алғашқы қоңырау үнін естіп мектеп табалдырығын аттамақ. Балалар үшін бұл мереке болса, ата-аналарға бас ауру. Себебі оқушыны білім ұясына дайындап, керек-жарағын алуға қыруар қаржы қажет.
Айгүл Хасенқызы, Алматы қаласының тұрғыны:
– Бір баланы, кітабынан басқа дәптер, қалам, қарындаштарын алғанға 10-15 мың кетейін деп тұр. Біз сияқты орта қол адамдардың қалтасына ауыр болады.
Қалтасындағы барын баласының білімінен аямаған жұрт қыркүйекке аз қалғанда дүкен мен базарларды аралауға қатты кіріскен. Керегін жіпке тізіп, түгендеп қойыпты. Оқушы киімінің орташа бағамы Алматының ажарлы дүкендерінде 15 мыңнан 25 мың теңге аралығында.
Бақыт Тұрманова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Мектеп формасының өзі ғана 20-25 мың теңге, ал аяқ киіммен бірге қымбатырақ болады. Қалам-дәптерге 10-15 мың теңге қажет. Толық есептесек, 60 мыңды жаратып, үйге қайтатын сияқтымыз.
Аймақтарда да дәл осындай ахуал. Ақтөбенің орталық базарында тіпті аяқ алып жүру мүмкін емес. Сұранысқа ие тауар, әрине, мектеп формасы. Тиын-тебенін кішкене болса да үнемдегісі келген жұрт шалғайдағы ауылдардан осында ағылатын көрінеді. Өңірдегі орташа жалақы 50 мың теңгені құрайтынын ескерсек тамыздағы «шопинг» ең қымбат болмақ.
Розалия Диброва, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Орта есеппен 20-30 мың теңгедей кетеді. Бұл тек ең бірінші қажет заттарды алуға жұмсалады. Костюм, аяқ киім және спорт киімге. Ал бір үйде 2-3 бала болса, тіпті ауыр болатыны анық.
Еліміздің барлық өңірін дерлік киім-кешекпен қамтамасыз етіп отырған барахолканың көп жері сүріліп тасталса да, бұл жақтың саудасын қыздырып жатқандар баршылық. Ал маркетологтар үлкен дүкендерден де небәрі 5 мың теңгеге 36 түрлі құрал-сайманды сатып алуға болады деп отыр.
Әбдібек Бимендиев, кеңсе тауарлары дүкенінің директоры
- Өкінішке қарай, біздің елде бұрыннан қалған әдет базар болса, барахолка болса арзан болады деп көп халық сол жаққа барады. Базарда отырған, барахолкада жүрген сатушылар біз сияқты компанияларға келіп, көтерме сауда жасап, сол жаққа барып сатады. Аренда мен басқа шығындары бар болғандықтан жаз кезінде олар бағаны жақсы көтереді.
Осылайша дәптер мен қарындаштан бастап мектеп формасын қоса есептегенде бір баланы дайындау үшін Алматы, Астана, Қостанай және Қызылжар тұрғындары 50 мыңнан 100 мың теңгеге дейін шығындалады. Павлодар, Ақтөбе, Семей және атыраулықтар оқушыны керек-жарақ дүниемен қамтамасыз ету үшін шамамен 30-50 мың теңге аралығында ақша жұмсамақ. Ал бірінші қоңырау қалтасын ең аз қағатын өңірлер қатарында Шымкент, Қызылорда және Орал аталуда. Олар небәрі 25 мыңға баласын сабаққа қамдай алады екен. Бірақ бұл бағалардың тек аймақтар бойынша ғана емес, отбасының әлеуметтік жағдайына қарай құбылатыны сөзсіз