Елімізде жаңадан қүрылып жатқан "Оңшылар одағы" рулі оң жақтағы автокөліктердің иелеріне өтемақы төлетуге қол жеткізбекші

"Біз "Оңшылар одағы"атты қоғамдық қозғалыс құруды ұсынамыз. Ол рулі оң жақта орналасқан автокөліктерді елге енгізуге және оны мінуге тыйым салатын шешімді алып тастау үшін , тіпті болмаған күнде осындай шешім қабылдана қалған жағдайда рулі оң жақта орналасқан автокөлік иелеріне өтемақы төлету мүмкіндігі үшін күресетін болады",- делінген бастамашы топ бүгін таратқан мәлімдемеде.

"Егер демократиялық елде қандайбір жарлық азаматтардың жағдайы нашарлауға алып келсе, онда азаматтарға шығын өтеліп беріледі",- дейді бастамашылар.

Осы орайда естеріңізге сала кетсек, Қазақстанға рулі оң жақта орналасқан автокөліктерді енгізуге және оны мінуге тыйым салу туралы шешім өткен дүйсенбіде Қауіпсіздік кеңесінің мәжілісінде қабылданған.

"Өкінішке орай, биліктің осы тектес беталды шешім қабылдауы елімізде қалыпты құбылысқа айналды. Қазақстанда орныққан үрдіске сәйкес, осы тектес шешімдердің қабылдану салдары үшін ешкім де жауап бермейтін жағдай қалыптасты. Шешімді ат төбеліндей ғана шенеуніктер тобы қоғам пікірімен мүлдем санаспастан қабылдай салады",- делінген құжатта.

Осыған байланысты бастамашылар рулі оң жақтағы автокөліктердің иелерін қоғамдық бірлестік құру туралы шешімді қолдауға шақырады. "Өз пікірімізді қауымдаса білдіру үшін біз күш біріктіруіміз қажет",- делінген хабарламада.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті