Бұл өзі қайдан келген сайт? Оны «көгілдірлікті» өзіне мүлдем жат санайтын халықтың тілінде шығарудағы мақсат не? Бұл істі кімдер қолдап отыр? Caravan.kz медиа-порталының тілшісі осы секілді сауалдарға жауап іздеу үшін сайтты жасаушыларға хабарласқан еді. Әрине, электрондық пошта арқылы. Өйткені олар ешкіммен көзбе-көз сөйлескісі келмейді. Тіпті телефон нөмірлерін де берген жоқ.
Сонымен аты-жөні белгісіз адамның сұхбаты төмендегідей болды.
- Интернет-порталдың атын неліктен kok.team деп қойдыңыздар? Бұның «көгілдір» сөзімен тікелей байланысы бар ма?
- Бұл сөз-ойнақ қой. Бұл тек «көк» сөзіне емес, «көктем» сөзіне де қатысты. Бұл көктеммен бірге келетін жаңару мен жаңғыруға деген үміттің белгісі. Дәл сол себеппен сайт 1 наурыз күні «Kok.team келді» сөздерімен ашылған болатын. Редакцияның біразы және оқырмандардың көпшілігі қазақ тілді болғандықтан, қазақ дәстүрінде ерекше маңызды орын алатын көктем бейнесін қолдануды ұтымды деп таптық.
- Телефон арқылы сөйлесуден неге бас тарттыңыздар? Қорқыныш немесе сырттан келетін қауіп бар ма?
- Қазақстанда гей, лесби, бисексуалдар мен трансгендерлердің жағдайы біршама ауыр. Еліміз өзге мемлекеттермен терезесі тең келіп, Үшінші Жаңғыртудан өтіп жатқанда, ЛГБТ қауымдастығы әлі күнге дейін қаналуда. Бұл тіпті дамыған мемлекеттерде де болатын жайт, ал посткеңестік аймақта жағдай тіпті қиын. «Ар үшін өлтіру» деп сылтауратып Шешенстанда гейлерді қыру фактісі орын алғандығы жайында естіген боларсыз? Зорлық-зомбылық Қазақстанда да көшелерде, клубтардың есік алдында және басқа да жерлерде кездесіп жатады.
- Редакцияға жауапты адамдардың аты-жөндерін айта аласыздар ма?
- Редакция мүшелері жария гейлер, бұл дегеніміз олардың сексуалдылығы жайлы отбасы, достары және жұмыстастары біледі деген сөз. Алайда бұл адамдардың атын жариялау арқылы біз оларды поп-жұлдыздарға айналдырғымыз келмейді. Себебі, редакцияға көптеген жанашырлар көмек көрсетіп, үлестерін тигізіп жатады. Жанашырлар еңбегінің үлесі тіпті редакция мүшелерінен де басым. Олардың еңбектерін елеусіз қалдыруға болмайды. Дегенмен, белгілі себептерге байланысты ол азаматтардың есімдерін жариялай да алмаймыз.
- БАҚ-тың сіздерге деген көзқарасы қандай?
- Шын журналистің өз пікірі жасырын қалуы тиіс емес пе? Шын журналист тек өзекті мәселелерге нұсқап, ол жайлы эксперттердің ойын сұрайды.
Алайда, кейбір журналистер өз ойы арқылы, мәселенің не әлеуметтік, не биологиялық қырларын танымастан, оқырманның ойына әсер еткісі келеді. Осы тәсілдерді қолданатын материалдарды біздің БАҚ-тан жиі кездестіруге болады. Сонымен қатар, кейбір журналисттер кейбір сөздерді қолдану арқылы оқырманды бізге қарсы қояды. Мысалы, «өзгерген (дәстүрлі емес) сексуалдылық» деген секілді сөз тіркестері қолданылады. Кей жағдайда тілші «гомосексуал» деудің орнына «гомосексуалист» сөзін жазады, бірақ «гетеросексуалист» деген сөздің қолданылғанын көрмейміз.
- Сайт, өзіңіз айтқандай, «сексуалдығы өзгерген» адамдар тарапынан қаржылай көмек алады ма?
- Сайт жұмысы толығымен ерікті түрде жүргізіледі. Яғни, жалдамалы адамдар жоқ. Бізде еріктілердің үлкен тобы бар. Керек жағдайда олар да көмек беріп отырады. Алайда барлық ақпараттық және сараптамалық жұмыс тегін жүргізіледі.
- Сайттың қазақ тілді нұсқасының оқырмандары көп пе?
- Жалпылама саны әзірге біршама төмен болғанымен, оқырман саны өсіп келеді. Ерекше резонансты мақалалар да бар, мысалы «Қазақ гей манифесін» мыңнан аса адам оқыды. Бірақ, адамдардың саны тек тікелей сайттан оқушылармен шектелмейді. Әлеуметтік желілердегі қазақ тілді гей топтарда біздің материал белсенді түрде талқыланады.
- Сайттың қазақ тілді нұсқасын шығарудағы мақсат не? Қазақ тілділерді де ЛГБТ санатына қосуды қалайсыздар ма?
- Бірінші айта кететін жайт: біреуді жүрген жерінен гейге айналдырып жіберу мүмкін емес. Оқырмандарыңыз, егер гей не лесби болса, бір сәт ойланып көрсін: «Мені гей не лесбиге айналдырған өмірімде не жайт болды екен?» деп. Егер адам өзі гей болмаса, оны бірде-бір әңгіме, фильм, кітап немесе мақала гей қыла алмайды. Сол себепті, ЛГБТ санатына қосылуға үгіттеу деген далбаса. Ал сайттың қазақ тілді нұсқасына келер болсақ, оның негізгі мақсаты – ақпарат тарату. Ақпаратты тек қана қазақ тілінде ала алатын гейлер өте көп. Бірақ, осыған дейін қазақ тілінде гейлерге олардың кім екендері жайында, денсаулық және қауіпсіздік мәселелері жайында хабар беретін сайт болған емес. Сонымен қатар, қазақ тілді гей азаматтың даусы – ешқашан естілмейтін дауыстардың бірі. Бұл азаматтарға ақпарат алмасатын және өз пікірін білдіретін платформа ұйымдастыру – біздің басты мақсаттарымыздың бірі.
- ЛГБТ қауымдастығында қазақ тілді журналистер бар ма?
Әлбетте, бар. Дәл сол секілді қазақ тілді гей құрылысшылар бар, лесби дәрігерлер мен бисексуал шенеуініктер де бар.
- «Қазақ гей манифесін» жазған кім? Оның мақсаты не?
- Оны Заман Үні деген псевдониммен жазатын біздің белсенді колумнисіміз жазған. Өз манифесі арқылы ол қазақ тілді ЛГБТ қауымдастығын Қазақстандағы азаматтық қоғамның толыққанды бір мүшесі болуға шақырады. Сол мақсатпен ол қазақ халқының гей ұлдары мен лесби және бисексуал қыздарына үндеу тастады.
- Елде қанша гей бар? Оның ішінде қазағы қанша?
- Шамалап санағанда, Қазақстанда 1,5 млн. гей, лесби және бисексуал бар. Оның шамамен 990 мыңы қазақтар.
- Билікке жақын гейлер туралы да жиі айтады. Оның арасында тіпті жоғары лауазымды шенеуініктер бар дейді. Жаңа мұны өзіңіз де айтып қалдыңыз. Бұл рас па?
- Гей, лесби және бисексуалдар Қазақстан қоғамының ажырамас бөлігі және олар қоғамның барлық салаларынан орын тепкен. Сол себепті, әлбетте, олар кез келген мамандық иесі бола алады. Сіздің айналаңызда да ЛГБТ мүшелері көп. Ал олардың қорқыныштан өздері жайлы ашық айтпайтындығы – мүлдем басқа мәселе. Егер сіздің таныстарыңыздың арасында бірде-бір гомосексуал болмаса, олар шынымен де жоқ екен деген сөз емес. Бұл белгілі себептерге байланысты таныстарыңыз сізге толығымен арқа сүйей алмайды деген сөз. Сол себепті олар өздерін жария етпейді.
- Жалпылама айтқанда, үкімет тарапынан қолдау немесе қысым көрсетілген кезі болды ма?
Қазақстандық билік органдары ЛГБТ-ға бейтараптықпен қарайды. Шенеуініктер бір жарым миллион халық пен олардың проблемалары мүлдем жоқ секілді сыңай танытады.
- Сайтта жарияланған мақалалардың бірінде Қазақстанның суицид көрсеткіштері бойынша жоғары орындарда екендігін көрсетіп кетіпсіздер. Демек, өзіне қол жұмсаған жастардың көпшілігінде сексуалдық ауытқулар болды дегіңіз келеді ме?
- Сексуалдық ауытқушылық деп атау, әрине, қате. Гомосексуалдылық ауытқуға жатпайды. Ал суицид мәселесіне келетін болсақ, өзіне қол жұмсаған жастардың көпшілігі гей болмауы да мүмкін, алайда гей жастардың басым көпшілігі суицид жайлы ойлайды және іске асырады. Бұл тек біздің елде емес, әлем бойынша ЛГБТ қауымдастығының алдындағы басты мәселелердің бірі. Көптеген жасөспірімдер ақпарат жетіспеушілігінің салдарынан немесе отбасы жағдайына байланысты тығырыққа тіреліп, өлімге бас тігіп жатады. Егер, осындай тығырыққа тірелген бір жанды құтқарып қала алсақ, біздің мақсатымыз сол. Айта кететін бір жайт, гомосексуалдылық бірден суицидтік ойларға алып келмейді. Қоғамдағы қысым мен гомофобия адамдарды өлімге айдайды. Егер гомофобия болмаса, гей азаматтар да толығымен бақытты өмір сүре алады.
- 2017 жыл ЛГБТ құқықтары үшін күресу жылы болады деп жазыпсыздар. Онымен не айтқыларыңыз келді?
- Өткен жыл феминизм ұранымен өткендігі белгілі. БАҚ-та әйел жағдайы жайлы көптеген мақалалар жазылып, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері әшкереленді. Осы қарқынмен көптеген басқа мәселелер де көтерілді. Оның ішінде ЛГБТ-ны белгілі бір сексуалдылықпен туылғандығы үшін дискриминацияға ұшырату мәселесі де бар. 2017 басталғалы бері Қазақстандағы ЛГБТ жайында бұрынғыдан ерекше көп материал жарияланды. Оған қоса, қауымдастық үшін ең маңызды мәселелерді көтереміз деген мақсатпен біздің портал да ашылды.
- Сайттың басты бетінде неге ұлы Абайдың сөзі тұр? Бұдан кейін қоғамда сіздерге деген наразылық күшейеді деп ойламайсыздар ма?
- Біздің ойымызша, Абай – еліміздің ең прогрессивті ойшылдарының бірі, және оның қалдырған сөзі ұрпақтан ұрпаққа өз маңыздылығын жоғалтпақ емес. Біз Абай секілді прогрессивті ойшыл бекерден-бекер қысымға ұшырап жатқан отандастарын қолдайтын еді деп ойлаймыз. Ол біз үшін авторитет. Сол себепті, біз оның сөздерін сайтымызға жалау еттік.