Қобда ауданы Әлия елдімекенінде тағы бір ата-анаға бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде (12 мың теңге) айыппұл салынған. Бұл туралы аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі Нұрлыбай Айжарықов мәлім етті, деп хабарлайды Абай.кз.
"Қобда ауданындағы Әлия мектебінің 6 және 8-сыныбында оқитын екі оқушы үшінші тоқсан басталғалы бері сабаққа бармаған.Екеуі де бір үйдің балалары. Бұл оқушылардың ата-анасымен бірнеше рет кездескеніміз, ескерту жасағанымыз жайлы және басқа да құжаттарды Ақтөбе облысының білім саласын бақылау департаментіне жолдадық. Департамент біз жолдаған құжаттар негізінде ата-анаға айыппұл салды", - дейді Нұрлыбай Айжарықов.
Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының дерегінше, қазір облыс аумағында «мектеп формасын бұзғандықтан» мектепке бара алмай отырған 103 бала бар. Қаңтар айынан бері бұл балалардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.Ал Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаменті қаңтар айының 19-ынан бері жалпы саны 13 ата-анаға айыппұл салған.