Еліміздегі жекелген аудан әкімдерінің сынақ түріндегі сайлауы 2005-жылдың 12-тамызында өтеді

"Еліміздің жекелеген аудандары әкімдерінің сынақ түріндегі сайлауын өткізу елімізде демократияны дамытуға жасалған маңызды қадамдардың бірі болмақ",- деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы. Ол сынақ түріндегі сайлау ҚР президентінің "Еліміздің жекелеген аудандарының сынақ түріндегі әкімдер сайлауын өткізу тәтіптері туралы" жарлығына сәйкес іске асырылатынын еске салды.

ҚР Орталық сайлау комиссиясы осы құжатқа сәйкес бірқатар облыс әкімдерімен бірлесе отырып, сайлау өткізілетін аудандардың саны мен тізімін айқындады. О.Жұмабековтың айтуынша, осындай жұмыстардың нәтижесінде Орталық сайлау комиссиясы Алматы облысының Ескелді, Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті, Батыс Қазқстан облысының Жаңғала, Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев ауданында сайлау өткізуге ұйғарым жасап, сайлауға дайындық және оны өткізуге қатысты негізгі шаралардың күнтізбелік жоспарын бекітті.
ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Владимир Фоостың хабарлауынша, күнтізбелік жоспарға сәйкес, үміткерлердің атын ұсыну 2005-жылдың 27-маусымында басталып, 17-шілдеде аяқталады, ал үміткерлерді тіркеу 2-шілдеде басталып, 17-шілдеде аяқталады, сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары барлық үміткерлер тіркеліп біткен күні басталып, 10-тамыз күні 24 сағатта аяқталады. Дауыс беру, дауыс санау және дауыс беру қорытындысын жария етуді тиісті аумақтық сайлау комиссиялары 12-тамыз күні жүзеге асырады.
"Тиісті аумақтық сайлау комиссиялары әкім сайлауының қорытындысы туралы хаттама толтырып, сайлау қорытындысына қатысты хабарламаны жергілікті БАҚ-тарда жария етеді",- деді В.Фоос. Оның айтуынша, сайланған әкімді тіркеу мен ол туралы шешімді аумақтық сайлау комиссиясы тарапынан жоғарғы сатылы әкімге таныстыру 2005-жылдың 16-тамызына дейін іске асырылуы тиіс. Осыдан кейін жоғары сатылы әкім сайланған әкімді бір тәулікте тағайындайды.
В.Фоостың айтуынша, сайлау жанама сайлау құқығының негізінде жүзеге асырылады, басқаша айтқанда, аудан әкімдерін аудандық мәслихаттардың депутаттары сайлайды.