Конституциялық комиссия бірнеше отырыс өткізді. Билік жүйесінің архитектурасы қалай өзгеретіні туралы мүмкіндіктер мен түзетулер қарастырыла бастады. Аталмыш өзгерістер президенттің өкілеттіктерінен қайта бөлуден бастап, парламент құрылымын жаңартуға, мемлекеттік басқаруда жаңа институттарды енгізуге дейінгі кең ауқымды қамтиды. Бүгінде қоғамды алаңдатып отырған сұрақ басқа. Өзгерістер ел азаматтарының құқықтарына қалай әсер етеді? Сөз бостандығы шектеледі ме? Caravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты саралап көрді.
Биліктің жаңа үлгісі: президент, парламент және өзара тежемелер
Ұсынылып отырған реформаның негізгінде кадрлық тағайындаулар жүйесін қайта қарау тұр. Президент елдегі жоғарғы лауазымды тұлға ретінде шешуші рөлін сақтайды. Алайда бірқатар маңызды қызметтерге тағайындау Құрылтайдың келісімімен жүзеге асырылатын болады.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, ұсынылып отырған модельде билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті институционалдық тұрғыдан бекітуге талпыныс бар.
«Вице-президентті, премьер-министрді және бірқатар негізгі мемлекеттік органдарды тағайындауға парламенттің қатысуы өкілді органның саяси салмағын арттырып, саяси жауапкершіліктің қосымша тетігін қалыптастырады», - дейді саясаттанушы.
Сонымен қатар, президентке Құрылтайдың тағайындауларға екі мәрте келісім бермеген жағдайда парламентті тарату құқығының берілуі сарапшылар тарапынан екіұшты, бірақ маңызды тетік ретінде қарастырылады. Бір жағынан, қысым құралы, екінші жағынан — саяси күштерді келісімге келуге мәжбүрлейтін өзара тежемелер жүйесі.
«Мандатты соңына дейін атқару» тәжірибесінен бас тарту: легитимділікке басымдық
Ең маңызды жаңалықтардың бірі — президент өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған жағдайда, оның орнына келген тұлғаның қалған мерзімді сайлаусыз атқару мүмкіндігін жою. Енді мұндай жағдайда міндетті түрде екі ай ішінде кезектен тыс президенттік сайлау өткізілуі тиіс.
Ғазиз Әбішевтың пікірінше, мұндай шешім биліктің заңдылығы мен қоғамдық сенім мәселесімен тікелей байланысты.
«Жаңа жүйе президенттік биліктің халықтың еркінсіз, тек жағдайға байланысты берілуіне жол бермейді. Бұл өз кезегінде ұзақ мерзімді перспективада саяси жүйеге деген сенімді арттырып, тұрақсыздық қаупін төмендетуі мүмкін», - дейді маман.
Вице-президент институты: Жаңа ықпал тетігі ме?
Конституциялық өзгерістер аясында Қазақстанда вице-президент лауазымы енгізілмек. Бұл қызмет мемлекет басқаруындағы сабақтастық пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді деп қарастырылуда.
Вице-президентке бірқатар қатаң талаптар қойылады:
Сарапшылардың пікірінше, бұл лауазымның деполитизацияланған сипаты оны ішкі саяси күрестің құралына айналдырмау. Алайда аталған институттың нақты тиімділігі вице-президентті тағайындау тәртібі мен оның нақты өкілеттілігінің қаншалықты айқын болуына тікелей байналысты болмақ.
Бір палаталы парламент: партияларды күшейту ме, әлде жүйені оңайлату ма?
Реформа аясында парламентті 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай форматына көшіру ұсынылып отыр. Барлық депутаттар бірыңғай жалпыұлттық округ бойынша пропорционалдық жүйемен сайланады. Бірмандаттық округтер де, президенттік тағайындаулар да болмайды.
Ғазиз Әбішевтің айтуынша, мұндай құрылым парламентті біртекті етіп, саяси партиялардың рөлін күшейтеді.
«Сонымен қатар, әртүрлі мәртебедегі депутаттардың болмауы заң шығару процесіндегі ішкі қайшылықтарды азайтып, жұмыс тиімділігін арттыруы мүмкін», - дейді ол.
Сөз бостандығы шектеледі ме? Депутат ұсынысы
26 қаңтарда Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтті. Сол жерде мәжіліс депутаты Снежанна Имашева сөз бостандығына қатысты қосымша нормалар енгізуді ұсынған еді. Бүгін мәжіліс кулуарында сол идеясын түсіндіруге тырысты.
Депутаттың сөзінше, қоғамда бұл түзетуді «қысым көрсету» ретінде қабылдап жатқандар бар, алайда мәселе мүлде басқа бағытта.
«Ар-намыс пен абырой неге Конституцияда көрсетілуі керек деген сұрақ қойылып жатыр. Ол басқа заңдармен қорғалмай ма дейді. Бірақ мұнда адамды шектеу туралы әңгіме болып отырған жоқ», — деді ол.
Имашеваның айтуынша, бұл норма мемлекеттік қызметкерлерге бағытталмаған және билікті сынауға кедергі келтірмейді.
«Шенеуніктерді сынауға болады, оларға жағымсыз сөз айтуға да болады. Бұл абыройды қорлау болып саналмайды. Бірақ қарапайым адамдар бар. Олар күн сайын әлеуметтік желіні пайдаланады. Сол жерде оларды тек тілдеп қана қоймай, моральдық тұрғыда “өлтіріп”, қорлап жатады», - деп түсіндірді депутат.
Оның сөзінше, адамның ар-намысы - негізгі құндылықтардың бірі.
«Адамның абыройы — базалық құндылық. Бұл тек біздің елде емес, бүкіл әлемде солай. Әсіресе қазір қарапайым адам өте осал күйде қалды», - деді Снежанна Имашева.
Депутат барлық конституциялық түзетулерге бір пакетпен дауыс берілетінін де атап өтті. Егер журналистер бұл норманы баспасөзге қысым деп есептесе, мәселені талқылауға дайын екенін жеткізді.
«Егер журналистер бұл норманы БАҚ-қа қысым ретінде қабылдаса, ұжымдық өтініш жолдауға болады. Біз оны қараймыз. Біз ашықпыз, барлық түзетудің мәнін түсіндіруге дайынбыз», - деді ол.
«Мүмкін алып тасталатын шығар, мүмкін өзгертіледі, мүмкін мүлде қабылданбайды. Бірақ бұл жерде сөз бостандығын қосымша шектеу туралы әңгіме жоқ», - деді Имашева.
Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамада ар-намыс пен абыройды қорлау қазірдің өзінде тыйым салынған.
«Сіздер, журналистер, біреудің абыройын қорлай алмайтыныңызды жақсы білесіздер. Біреуді “нашар адам”, “арандатушы”, “маскүнем” деп жаза алмайсыздар. Бұл - қалыптасқан норма. Ал қарапайым адамдар әлеуметтік желіде ондай баға беріп жатады», - деді депутат.
Снежанна Имашева бұл түзету журналистерге де, БАҚ қызметіне де бағытталмағанын тағы да қайталады.
«Тағы да айтамын, бұл журналистер туралы емес және олардың сөз бостандығын шектеу жөнінде емес», - деп түйіндеді ол.
Үкіметті бақылау және партиялардың қаржылық ашықтығы
Құрылтайға үкіметке сенімсіздік білдіру және жекелеген министрлердің қызметіне ықпал ету құқығын беру — парламенттік бақылауды күшейтуге бағытталған қадам ретінде қарастырылуда. Алайда бұл тетіктің қаншалықты тиімді болатыны парламент ішіндегі саяси бәсекенің деңгейіне байланысты болмақ.
Ал партияларды, кәсіподақтарды және қоғамдық бірлестіктерді шетелдік қаржыландыруға тыйым салу саяси жүйенің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сарапшылардың пікірінше, бұл ретте ашықтықты қамтамасыз ету мен партиялық қызметке артық қысым жасамау арасындағы тепе-теңдік сақталуы тиіс.
Реформа - саяси жүйе үшін маңызды сынақ
Қазіргі таңда талқыланып жатқан конституциялық өзгерістер Қазақстанның саяси жүйесіндегі негізгі институттардың барлығын қамтиды. Сарапшылардың ортақ пікірі бойынша, жаңа нормалардың өзі демократияны автоматты түрде қалыптастырмайды, алайда оған қажетті құқықтық және институционалдық негіз жасайды. Реформаның нақты нәтижесі Конституция мәтініне ғана емес, оның іс жүзінде қалай орындалатынына, мемлекеттік институттардың дербестігіне және еркін қоғамдық пікірталастың сақталуына байланысты болады.
Талқыланып жатқан өзгерістерге соңғы бағаны Конституциялық комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін өтетін жалпыұлттық референдум береді.