Жаңа заң, жаңа талап! 1-ші қаңтардан күшіне енген ондаған құжаттардың бірі мыңдаған көлік жүргізушілеріне тікелей қатысы бар. Яғни, бұдан былай жол апатынан келген шығынды сақтандыру полисі өзі бағалайды. Бұрын мұны тәуелсіз бағалау компаниялары есептеп беретін. Сарапшыларды да осы алаңдатып отыр. Өйткені, сақтандыру компаниясы ақшаны азырақ төлеу үшін, мүлікке келген зиянды әдейі кемітуі мүмкін.
Азамат Мұстафин, тәуелсіз бағалау компаниясының қызметкері:
-Шығынға ұшыраған адам өтемақыны көбірек алғысы келеді. Сақтандыру компаниясы керісінше, азырақ төлегісі келеді. Біз осы екі ортада әділ шешім шығарып, қажетті сомманы есептейтінбіз. Енді бұл заң қабылданған соң, жұрт ұтылады. Бұл анық.
Ал, травматикалық тапаншаны полицейлер енді сатып алмайды. Оны сақтап, қолданғаныңыз үшін ірі айыппұл төлеп немесе 1 жылға сотталуыңыз мүмкін. Бұдан бөлек, «Жергілікті полиция» деп аталатын Ішкі істер саласының жаңа қызметі жұмысын бастады. Бұл - учаскелік полицей, мектеп инспекторы мен табиғатты қорғау полициясының біріктірілген түрі. Енді олар елмен етене жұмыс істеп, тіпті халыққа есеп беруге міндетті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Барлық заңдарды қабылдадық. Енді іс жүзінде осыны іске асыру үшін біз жұмыс істеуіміз керек. Әрбір мекеме президенттің аппараты, үкімет, парламент барлық әкімшіліктер жаппай жұмыс істеуі керек. Косиссияның жұмысын тоқтатпай әр ведомства өзінің қызметін қадағалап отыруы керек.
Сапасы төмен бензин де енді елімізге кіргізілмейді. Жауаптылар мұның бензин бағасына еш әсер етпейтінін айтып сендіріп отыр. Ал, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер тағы жақындай түсті. Енді 5 елдің азаматтары бір-біріне барып жұмыс істесе де зейнетақы қорыны түсім жүргізіле бермек.
Сонымен қатар 1-ші қаңтардан мемлекеттік қызметкерлерге салынған тыйым да артып отыр. Енді шенеуніктерге туған туысқандарымен бірге жұмыс істеуге рұқсат жоқ. Әрі әлдекімнен сыйлық алуға да заңмен шектеу қойылды. Ережені бұзған дөкейлер жылы орынтағынан айырылары сөзсіз.
Loading...