Еліміздің 640 үздік мұғалімі Түркияның Анталиясына демалуға аттанды

Астана Халықаралық әуежайында өткен салтанатты шығарып салу рәсіміне ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев қатысты.

"Құрметті әріптестер, бүгін мен үшін аса қуанышты күн. Біріншіден, бүгін біз Республика күні мерекесін тойлап жатсақ, екіншіден баяғыдан бері ойға алып жүрген ісіміз жүзеге асты. Біз білім беру жүйесіне жаңа технологиялар мен жаңаша ойлар енгізуге ат салысып, осы бағытта жетістікке жетіп жүрген үздік мұғалімдерге қолдау көрсеткіміз келді. Бүгін міне, еліміздің үздік мұғалімдері Анталияға демалуға бара жатыр. Үздік ұстаздарға көмек көрсету дәстүрін бұдан былай да жалғастыра береміз деген ойдамын. Олардың еңбегі бағалауға тұрарлық, - деді Ж.Түймебаев. - Білім беру саласы қашан да елдің назарында. Атқарылған істер аз емес. Жыл сайын білім беру ұйымдарының желісі көбейіп келеді, олардың материалдық-техникалық базасы да жақсаруда. Үш тілде білім беретін дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептер ашылып жатыр".

Әлемдік білім кеңістігіне кірігу мақсатымен шет тілі мен информатиканы ерте жастан оқыту қолға алынды. Оқыту процесіне көпқызметті интерактивтік құрылғы енгізілді, Еуропа, Америка және Азия елдерінің жоғары оқу орындарымен байланыс артуда. Кәсіптік білім беруді дамытуға арналған Мемлекеттік бағдарлама мақсатты түрде жүзеге асып жатыр. Физика-математика және химия-биология пәндері тереңдетіліп оқылатын "Өркен" атты 20 инновациялық мектеп ашу жоспарда бар. Астанада жыл соңына дейін соның екеуі пайдалануға беріледі.