Еліміздің белгілі азаматтары Моңғолияға қаржы аударып жатыр

Еліміздің белгілі азаматтары Моңғолияда тасқыннан зардап шеккен қандастарымызға қаржылай көмек беруге атсалысып жатыр. Бұл туралы олар әлеуметтік желілерде жазған, деп хабарлайды Caravan.kz тілшісі.

Мысалы, «Асыл арна» бас директоры Мұхамеджан Тазабек Фейсбуктегі парақшасында былай деген: «Қабырғаммен кеңесіп, отбасыммен ақылдаса келе, биыл жазғы демалысымдағы Алакөлге барамыз деген қаржыны Моңғолиядағы бауырларға жіберсек деген шешімге келдім. Ағайындар суға кетіп жатқанда суға түсіп раxаттануды кейінге қалдыру өзіме де, бала-шағама да дұрыс қадам болып көрінуде. Алла қабыл етсін. Мақтану үшін емес, жұрттың қайырымдылығына сеп болу үшін жасалып жатқан шаруа ғой».

Сондай-ақ, саясаттанушы Айдос Сарым осы Фейсбуктегі парақшасында тіпті аударған ақшасының түбіртегін жариялады. «Көп уақыт алмайды. Небары 3-4 минут алтын уақыттарыңызды қисаңыздар жетіп жатыр. Халық банкінің кез-келген банкоматынан алдында көрсетілген есеп-шотқа ақша аударуға болады» дейді ол.


Бұрын хабарлағанымыздай, Моңғолияның қазақтар тұратын Баян-Өлгий аймағында өткен жексенбі күні су тасқыны салдарынан 130 үй қирап, 700 қандасымыз баспанасыз қалған еді. Соған байланысты еліміздегі белсенді азаматтар, атап айтқанда, «Қазбілім» орталығының директоры Аятжан Ахметжан қандастарға жәрдем ретінде банктен есеп-шот ашты. Ал үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Баян-Өлгийде зардап шекккендерге гуманитарлық көмек көрсетілетінін хабарлады.