Мұндай мәлімдеме жасауға Еуропалық комиссияның асбест (таскендір) және құрамында асбестісі бар материалдар мен бұйымдарды 2005-жылдың 1-қаңтарынан бастап Еуроодақ елдерінде пайдалануға тыйым салу туралы директива қабылдауы түрткі болған.
Баспасөз мәслихатына қатысушылардың пікірінше, қабылданған шешімнің басты мақсаты алдағы уақытта хризотил-асбест шикізаты бар елдерді халықаралық рыноктан ығыстырып шығару болмақ. Ал Қазақстан сондай елдердің санатында.
"Асбестке қарсы мұндай науқанның белең алып өрістеуіне хризотил-асбест шикізатына балама материалдар өндіретін елдер тарапынан туындаған ауқымды бәсекелестік түрткі болуда. Дербес асбест кеніші жоқ, бірақ, осынау табиғи материалдың орнын алмастыратын өнімдер өндіруші қуатты химиялық және металлургиялық өнеркәсібі бар елдерде осындай науқан жүргізілуде",- дейді "Хризотил қауымдастығы" коммерциялық емес ұйымының Орталық Азия және Қазақстан бойынша аймақтық директоры Талғат Тұрымбаев.
Қазақстандық дәрігерлер, соның ішінде ҚР денсаулық сақтау министрлігінің бас токсикологы, республикалық токсикологиялық орталығының жетекшісі Елжан Біртановтың пайымдауынша, хризотил-асбест шикізатының адам ағзасына зияндығы туралы ақпаратты мүдделі трансұлттық компаниялар қасақана асыра көрсетуде.
"Қарсыластар дүниежүзіндегі қоғамдық пікірді әдейі адастырып, асбест түрлерінің арасындағы айырмашылықты ашып бермей отыр",- дейді токсиколог. Минерал талшықтары мен шаңының белгілі дәрежеде кері әсері бар екенін жоққа шығармаған Е.Біртановтың атап көрсетуінше, бүгінде халық арасында кеңінен қолданылатын алкоголь, никотин және жиҺаз өнеркәсібінде пайдаланылатын заттардың зияны да бұдан кем түспейді.
Мамандардың айтуынша, асбестің амфибол және хризолит деген екі үлкен түрі бар. Көптеген белсенді зерттеулер нәтижесінде адам денсаулығына айтарлықтай қаупі бар екені анықталған амфиболдармен салыстырғанда хризотилдер тез ыдырап, екі аптаның ішінде адам ағзасынан шығарылатындықтан, тканьдерді кері өзгеріске ұшыратпайды.
"Өкпенің хризотил талшықтарынан тазартылу кезеңі асбесттің орнын алмастырушылар ретінде пайдаланылатын керамикалық, арамидті және целлюлозалы талшықтардың жартылай ыдырау кезеңінен әлдеқайда қысқа",- дейді Т.Тұрымбаев.
Ал хризотилді тұтынуға жаппай тыйым салынған жағдайда отандық экономика өндірістің өзінен 5 млрд., ал салық аударымдарынан жылына 1,2 млрд. теңгеден айрылғалы отыр.
Сондай-ақ, асбест өндіру және одан өнімдер шығарумен шұғылданатын қазақстандық үш кәсіпорында 5 мыңдай адам жұмыс істейді.
"Ахуалдың осындай күрделі сипатқа көшкеніне қарамастан, Қазақстан үкіметі бұл проблема бойынша күні бүгінге дейін нақты ұстанымын айқындай алмай отыр",- дейді Хризотил қауымдастығының өкілі. Ал баспасөз мәжілісіне қатысушылардың хабарлауынша, Ресей мен Канада хризотил-асбест шикізатының халықаралық сауда-саттықта тыйым салынатын заттар тізіміне (РІС) енгізілуіне қатысты наразылық білдіріп те үлгерген.
"18-қыркүйекте хризотил-асбест шикізатының қоры бар тағы бірнеше ел антиасбестік науқанға қарсы өз наразылықтарын білдіреді. Отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін Қазақстан осы мәселе тұрғысында қатаң ұстанымын білдіріп, хризотилдің тыйым салынған материалдар тізіміне қамтылуына жол бермеуге тырысуы тиіс",- деді баспасөз мәслихатына қатысушылар.