Еліміздің мектептерінде балалардың семіздігімен күресетін жаңа бағдарлама әзірленді

Жағдайды жақсарту үшін ғалымдар арнайы «Баламан» бағдарламасын жасап шықты деп хабарлайды Хабар-24.

«Баламан» бағдарламасы – бұл Қазақстан мектептеріне кезең-кезеңімен енетін дұрыс тамақтану мен дене шынықтыруды насихаттаудың біртұтас жүйесі. Бастапқыда қанатқақты жобаны Астана мен Алматыдағы екі мектепте сынақтан өткізу ұйғарылған. 

- Алатау ауданында екі мектеп белгіленген. Сол мектеп осы бағдарламаға сәйкес өз жоспарларына өзгерістер енгізеді. Ең бірінші, бұл жерде мектептің әкімшілігінен, мектептің ұстаздары және бүкіл мектептің қызметкерлері оқудан өтеді. Және де бұл бағдарламада бірінші кезеңде бастауыш сыныптың балалары қатысады, дейді қалалық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Айтқұлова.

Мектептің дене шынықтыру және басқа да пәндердің мұғалімдері үшін арнайы тренинг ұйымдастырылады. Ғалымдардың пікірінше, саламатты өмір салтын насихаттаудың жаңа тәсілінің дәстүрлі әдістемеден айтарлықтай айырмашылығы бар. 


- Бұл саланы тек медицина саласының қолына беріп қойып, ауыртсаң - ауыртыңдар, емдесеңдер - емдеңдер деп, қымбат дәріні сатам десеңдер - сатыңдар деп қоятын болсақ, біз нәтижеге жетпейміз. Және өзімізге қарап тұрсақ, аурушаңдық бойынша бізде проблема өте көп, дейді қоғам қайраткері Мұрат Әбен.

Бағдарлама авторлары дұрыс тамақтанумен қатар белсенді және ұзақ өмір сүруге ұмтылуға ықпал ететін жаңа бағдарлама қоғамда қолдауға ие болады деген сенімде.