Атап айтсақ, ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Игорь Рогов пенитенциарлық мекемелердегі қоғамдық мониторингтің маңызын атап көрсетті. Ол сотталғандардың конституциялық құқығын сақтаудың айрықша ықпалды құралдарының бірі болмақ.
ҚР әділет министрі Оңалсын Жұмабеков мәлімдегеніндей, "сотталғандардың құқығын сақтаудың ең ықпалды құралы - дәл осы қоғамдық бақылау болмақ". Қазақстан қылмыстық жазаны ізгіліктендіру және сотталғандардың ахуалын жақсарту бағытында қарқынды қадамдар жасап жатыр,- деді осы орайда О.Жұмабеков. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі өрістету үшін және пенитенциарлық мекемелердің жұмысына ықпал жасау үшін "қоғамдық ұйымдардың ауқымды әлеуетін" пайдаланған жөн,- дейді министр. О.Жұмабековтың хабарлауынша, республиканың әділет министрлігі қоғамдық ұйымдардың пенитенциарлық мекемелердің жұмысына қатысу жолдарын заңдық тұрғыдан реттеуді қарастыратын ұсыныстар әзірлеген. Бұл ұсыныстар "Қазақстан Республикасының "Әділет органдары туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына енгізілді. О.Жұмабековтың айтуынша, бұл өзгерістер "қоғам өкілдерін сотталғандарды қатарға қосу жұмысына белсене араластыруға және мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы ықпалдастықты нығайтуға түрткі болмақ".
Өз кезегінде ҚР бас прокурорының бірінші орынбасары Ілияс Бақтыбаевтың атап көрсетуінше, қоғамдық мониторинг "пенитенциарлық мекемелердің әкімшіліктерінің жауапкершілігін анағұрлым арттыра түседі". Сондай-ақ, ол осынау қоғамдық комитеттерді "қылмыстық ортаның серкелері жеке мүддесіне пайдаланып кету" мүмкіндігіне назар аудара отырып, осыған байланысты әділет министрлігі әзірлеген ұсыныстарды дәйектеген кезде осындай мүмкіндікті ескеру қажеттігін атап өтті.
Дөңгелек үстелге қатысқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының
Алматыдағы орталығының басшысы Ивар Виккидің мәлімдеуінше, қоғамдық мониторингті енгізу "пенитенциарлық жүйенің ашықтық принципін толыққанды жүзеге асыруға септігін тигізеді".
Аталмыш заң жобасы бойынша жұмыс істеп жатқан парламент сенатының депутаттары пенитенциарлық мекемелерде қоғамдық мониторинг енгізу жөніндегі жақын шетелдердің тәжірибесін зерттеуді жоспарлап отыр. Бұл ретте депутаттар қоғамдық ұйымдардың ролін жоғары бағалауда. Мәселен, сенаттың заң және құқықтық реформа жөніндегі комитетінің хатшысы Қабдығали Ахметовтың айтуынша, қоғамдық ұйымдар сотталғандар темір тордың артына келген алғашқы күннен бастап оларды түзету үшін жұмыс істеумен бірге түрмеден босап шыққандарға да тұрғын үй мен жұмыс іздеуде қолғабыс көрсететін болады.
Сондай-ақ, оның айтуынша, сенат комитеті қоғамдық қадағалауды жүзеге асыру үшін облыстар мен республикалық маңызы барқалаларда қоғамдық-бақылау комиссияларын құруды ұсынады. "Комиссия құрамына әрбір қоғамдық бірлестіктен, оның ішінде әрбір саяси партиядан бірден артық емес кандидатура енгізу қажет",- деді ол.