Еліміздің оңтүстігінде қырым қанды безгегіне шалдықты деген күдікпен үш адам ауруханаға жатқызылып, бір адам қайтыс болды

Қызылорда облысындағы Махамбет ауылында 10-мамырда 23 жастағы қыз жұқпалы аурулар ауруханасына "конго-қырым қанды безгегі" деген диагнозбен жатқызылды. 23-мамырда қыз қайтыс болды. Ауру ошағында эпидемияға қарсы шаралар қолданылды.

Қырым қанды безгегіне қатысты тағы бір оқиға Қызылорда облысының Шиелі ауданы Мұстафа Шоқай атындағы елдімекенінде тіркелді. 17-мамырда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына "қырым қанды безгегі" деген алдын-ала диагнозбен 41 жастағы еркек жатқызылды. Қазір оның жағдайы орташа деп бағалануда. Дерт ошағында оның таралып кетуіне қарсы шаралар қолданылуда.
Тағы бір оқиға Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Сызған ауылында тіркелді. 21-мамырда орталық аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне "конго-қырым қанды безгегі" деген диагнозбен 58 жастағы еркек келіп түсті. Эпидемиологиялық тексеру нәтижесінде онымен қарым-қатынаста болған екі адам анықталды. Олар дәрігердің бақылуына алынды. Ауру ошағында эпидемиялық шаралар қолданылуда. Алынған сынамаларға зертханалық тексерулер жүргізілуде.