Еліміздің оңтүстік өңірлерінде тасқын зардаптарын жою жұмыстары жалғасуда

Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданындағы Балтакөл ауылдық округінде Үштам, Көлқұдық, Ақкөл және Балтакөл елдімекендерінде қорғаныс бөгеттері тұрғызылып, нығайтылуда. Маяқұм ауылдық округінде Маяқұм, Бестам, Қостерек елді мекендерінің айналасындағы бөгеттер нығайтылуда. Шәуілдір-Балтакөл автожолы учаскелерінде жөндеу жұмыстары жалғасуда. Зардап шеккен тұрғындарға арнап үйлер салынатын жерлерге қиыршық тастар мен құм тасыла бастады.

Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданында Ұланбел-Созақ-Екпінді автожолының 645-ші шақырымында жөндеу жұмыстары жалғасуда. ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің ақпаратына сәйкес, соңғы екі күн ішінде толастамаған жаңбыр салдарынан Боралдай және Арыс өзендеріндегі су деңгейі көтерілді. Соның салдарынан Боралдай елді мекенінің жанындағы осы аттас өзендегі қорғаныс бөгеттің 200 метрлік бөлігін су шайып, Теректі және Заречная ауылдарына су астында қалу қаупі төнді. Қазір мұнда бөгеттің бұзылған бөлігін қалпына келтіру жұмыстары ұйымдастырылуда.
Түркістанда Қожанов, Үсенов және Жалаңтөс елді мекендеріндегі бөгеттерді нығайту жұмыстары жалғасуда.
Шардара ауданында алты арнаны тазартып, кеңейту жұмыстары жалғасуда.
Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысындағы тасқынға қарсы шараларға 349 адам, 48 инженерлік және 22 автокөлік техникасы жұмылдырылды.
Қызылорда облысында жағалауды нығайту және магитралдық каналдардан суды бұру шаралары жалғасуда. "Сарытоғай" учаскесіндегі сеңді жою үшін Қазалы гидроторабынан төмен қарай 5 шақырымда 4 жару жұмыстары жүзеге асырылып, 1502 кило жарылғыш заттар пайдаланылды. Мұнда тасқынға қарсы шараларға 947 адам мен 116 техника жұмылдырылды.