Ал жыл басынан бері ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатысуымен болған қандай оқиғалар орын алды? Caravan.kz медиа-порталы олардың елді дүрліктірген ең атышулы оқиғалардың бірқатарын еске түсіріп көрді.
Сәуірдің 14 күні Алматыда полицейлер жантүршігерлік жол апатын жасады. Жангелдин көшесіндегі автобустың арнайы жолағымен қарсы бағытта жүйткіген БМВ жолындағысын түгел жайпап, екі адамды қағып өлтірген. Соққының қатты болғаны соншалық, тіпті қаза тапқандардың дене мүшелері жан-жаққа шашырап кеткен. Екі адамның өмірін қиған БМВ-да үш бірдей тәртіп сақшысы отырған.Оқиға куәгерлерінің айтуынша біреуінің қолында шөлмек болған. Күдіктілер Ішкі істер министрлігіне қарасты мамандандырылған күзет қызметінде істейтін көрінеді.
22 тамыз күні Астанада ішімдік ішкен полицияның кесірінен тура ішкі істер министрлігі ғимаратының жанында сұмдық жол апаты бола жаздады. Удай мас күйде рөлге отырған майор жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, “Ниваға” соқтығысқан. Абырой болғанда адамдар аман қалған. Оқиға куәгері Павел Калашниковтың айтуынша, ішімдікке тойып алған сақшы апат жасап, қашып кетуге тырысқан. Ал кейін ақша ұсынған.
7-тамыз күні түнде Алматы облысында қыз алып қашпақ болған төрт адам жол апатынан қаза тапты. Алматы - Көкпек - Көктал тас жолында болған жантүршігерлік жол апатында зардап шеккен 22 жастағы Әлия Ошақбаева Есік қаласының орталық аудандық ауруханасында ауыр жағдайда жеткізілген еді. Жәбірленуші тарап қыз алып қашқан 4 жігіттің бірі полиция қызметкері дегенді айттты. Әйтседе, кейінен Алматы облысының ІІД-і бұл деректі жоққа шығарды.
Жалпы жыл басынан бері полиция қызметкерлері жол оқиғаларынан бөлек адам өліміне әкеп соққан қылмыстарымен де есте қалды.
28-шілде күні Жамбыл облысында өзінің үйлену тойының ертеңінде қайтыс болған Ерік Төреқұловтың туыстары, ұлдарының өліміне тәртіп сақшыларын кінәлаған еді. Еске сала кетсек, достарымен бірге тойлап жүрген жігіт Қарақыстақ су электр станциясының маңында шомылуға тыйым салынған жерде көңіл көтерген. Сол уақытта шақыртумен келген полицейлер Ерікті басты бұзақы ретінде алып кеткен. Алайда оны полиция бөліміне жеткізбеген. Полицейлер оны аудандық ауруханаға апарыпты. Дәрігерлер клиникалық өлім жағдайында болғанын айтып отыр. Аман алып қалу мүмкін болмаған.
Сондай-ақ Талғар ауданына қарасты, Туғанбай ауылының тұрғыны Бақыт Серікқұловты да туыстарының айтуынша полиция қызметкерлерінің соққыға жыққан. Б.Серікқұлов полиция учаскесіне, өзі жұмыс істейтін мекемеде жоғалған компьютер ұрлығына қатысты сұрауға алыну үшін барған. Алайда, тек сұрауға алынбапты.Панфилов ауылдық полиция учаскесінде "қылмыстық істі мойныңа аласың" деп соққыға жығалған көрінеді. Анасының айтуынша, миы шайқалып, бүйрегіне зақым келген. 12 күн Талғар ауруханасында жатып ақыры көз жұмады.
26-ақпан күні Атырауда жас жігітті суйцидке итермелеген полицейлер сотталды Екі бірдей полиция қызметкері аға лейтенант Аманжан Досжанов пен сержант Аслан Дүйсенов қызметін асыра пайдаланып, адамды өз-өзіне қол жұмсауға итермелегені үшін айыпты деп танылған. Ал оқиға өткен жылы тамызда болған. 24 жастағы екі полицей бір топ жастарды ұстап, қолдарында нақты дәлелдері болмаса да, қылмыстық жауапқа тартамыз деп қорқытқан. Істі жабу үшін 400 мың теңге әкелуді талап етеді. Ақыры қызыл жағалылардың қысымына шыдамай, ұсталғандардың бірі – Антон Марков асылып қалған.
5- мамырда дәл осы Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұрынғы полиция лейтенанты Манарбек Өтеуовті ауыр қылмыстары үшін 22 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Сондай-ақ Наталья Слекишинаны зорлаған полиция қызметкері де 10 жылға сотталуы мүмкін. Еске сала кетсек, жәбірленуші түрмеде өзін түрме қызметкерлерінің жабылып зорлағанын айтып, қоғамдық дүмпу туғызған болатын. Қызметін асыра пайдалану, зорлау және азаптау деректері бойынша айыпталып жатқан Руслан Хакимовқа прокурорлар осынша мерзім сұрап отыр. Ал әйелді зорлады делінген тағы үш адам сот отырысына тек куәгер ретінде қатысуда. Жәбірленуші тарап енді сол үшеуінің де сот алдында жауап беруін талап етіп отыр.
Ал кеше, 27-қыркүйекте әлеуметтік желіде көлікте отырып дәрет сындырған полиция қызметкерінің суреті жария болды. Тексреу барысында Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, дәрет сындырған азамат Түрксіб ауданының жергілікті полиция қызметкері болып шықты. Қазір келеңсіз оқиға бойынша қызметтік тергеу жүргізілуде.
Күн құрғатпай, араққа сылқия тойып алған мас полиция қызметкері Таразда жол апанына себепкер болды.Ал, жол апатын жасаған полиция капитаны Жамбыл ауданының қызметкері екен. Сондай-ақ ол аты-жөнін жалған айтқаны анықталды. Мұнысын ұялғанымен түсіндірген тәртіп сақшысы әлі жұмысын жалғастыруда. Қазір оған қатысты қызметтік тексеру жүріп жатыр