Еліміздің қай өңірінде жұмыссыздық деңгейі жоғары?

Биылғы екінші тоқсанның қорытындысы бойынша Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 442,8 мыңнан 441,8 мың адамға азайды (бірінші тоқсанмен салыстырғанда 1062 адамға аз). Мұндай тұжырымдарды Еңбек ресурстарын дамыту орталығының (бұдан әрі ЕРДО) сарапшылары ҚР Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің ақпаратын талдау нәтижесінде жасады. 

«Жұмыспен қамтудың жоғары үлесіне қарамастан Алматыда жұмыссыз азаматтардың саны 50,3 мың, Алматы облысында – 48 мың, Түркістан облысында – 42,1 мың адамды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жұмыссыздар санының теріс өсу динамикасы Маңғыстау облысында - 12,7%, Атырау облысында - 6,5%, Нұр-Сұлтанда - 5,7% байқалды», – деді ЕРДО еңбек нарығын талдау департаментінің директоры Жақсылық Конанов. 

Оның айтуынша, жас ерекшеліктері тұрғысынан жұмыссыз адамдардың ең көп саны – 25-35 жасқа дейінгі аралықта байқалуда – 38,5%  (169,9 мың адам), ең азы – 65-тен жоғары санатта – 0,6%  (2,5 мың). 

«Жұмыссыздардың басым бөлігінде орта кәсіптік (41,4%) немесе жоғары білімі (33%) бар және өткен жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда олардың саны 10,3%  және 17,3%  артқан. Оның негізгі себебі түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігінің жоқтығы – 24,8%  (93,5 мың адамның жұмыс табуға мүмкіндігі жоқ, 14,3 мың адам оқудан кейін жұмыссыз) және мамандардың тұрақтамауы  – 35,5% (өз еркімен жұмыстан кету – 116,8 мың, еңбек келісім-шарттың мерзімі аяқталуына орай жұмыстан босатылу – 37,5 мың)», – деді Конанов. 

Оның айтуынша, мамандар тұрақтамауының бірден-бір себебі – өңір мен экономиканың саласына байланысты еңбекақының әртектілігі. 


2019 жылғы екінші тоқсанның еңбек нарығына жүргізілген талдаумен мына сілтеме арқылы танысуға болады.

Естеріңізге сала кетейік, 1999 жылдың маусым айында ҚР Үкіметінің қаулысы негізінде «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы» РМҚК құрылған болатын. 2011 жылдың қазан айында РМҚК «Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы» АҚ болып қайта құрылды. ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 1 шілдедегі Қаулысымен «Жұмыспен қамту проблемалары жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы» АҚ «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ болып өзгертілді. 

Орталық қызметінің негізгі саласы еңбек нарығын реттеу мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру жөніндегі мемлекеттік саясатты ақпараттық және талдамалық қолдау, халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдарды және халықты жұмыспен қамту орталықтарын әдістемелік қолдауды қамтамасыз ету болып табылады.