Республиканың ІІМ "Браконьер" атты республикалық шұғыл-профилактикалық шараны қазанның 16 мен 30 аралығында өткізді.
"Шара барысында ішкі істер органдары табиғат қорғау заңнамасын бұзуға қатысты 1939 оқиғаның бетін ашты",- деп хабарлады полиция полковнигі Ғ.Алпысбаев Астанада өткен баспасөз мәслихатында. Оның ішінде заңсыз аң аулауға байланысты 676 дерек, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесуге қатысты 478 дерек, су жәндіктерін заңсыз аулауға қатысты 672 дерек анықталды.
"Браконьерлік деректері бойынша 43 қылмыстық іс қозғалды. Тағы 8 материалға қатысты қылмыстық іс қозғау мәселесі қаралуда. Браконьерлердің әрекетінен келген шығын көлемі 6,3 млн. теңгені құрады",- деді ол.
"Браконьер" шарасының барысында құқық қорғау мекемелері 1724 әкімшілік хаттама жасап, 1 млн. 160 мың теңгенің айыппұлын салды.
ІІМ-нің мәліметіне сәйкес, ағымдағы жылдың басынан бері тәртіп сақшылары табиғат қорғау заңнамасын бұзуға қатысты 4 мың деректің бетін ашып, заңсыз ауланған 230 тонна балық пен заңсыз кесілген 1800 текше метр ағашты тәркіледі. Экологиялық қылмыс деректері бойынша 288 қылмыстық іс қозғалып, соның ішінде 180 іс сотқа жолданды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті