Еліміздің солтүстігінде 900-дей адам мен 200-дей техника қар бөгеттен құтқарылды

Ақмола облысының Жақсы ауданы Есіл ауылы маңында трассадан шығып кеткен "Икарус" автобусының 12 жолаушысы Державинск ауылына жеткізілді. Қаражар ауылы маңында қарға қамалып қалған 10 автокөлік эвакуацияланды. Бұл көліктерде 23 жүргінші болған. Жантеке ауылының маңында үш жолаушысы бар Газель көлігі қар құрсауынан құтқарылды.

Сондай-ақ, Астанадан 30 шақырым жерде Павлодар-Петропавл автожолында 10 жолаушысы бар "КАВЗ" автобусы бұзылып қалды. Осы трассаның 40-шақырымында "Мерседес" үлгісіндегі бағытты автобус бір бүйіріне жантая құлады. Онда 40 жолаушы болған. Зардап шеккендер жоқ. "КАВЗ" автобусы мен "Мерседес" жолаушылары таяу елді мекендерге жеткізілді.
Сондай-ақ, Қостанай облысының Мазурова көлі маңында қардан жүре алмай қалған 800-дей балықшы мен 200-дей техника бөгеттен босатылды. Эвакуациялау шарасын ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің Солтүстік аэроұтқыр күштері жүзеге асырды.
"Қазгидромет" РМК-ның мәліметі бойынша, бүгін 10-қаңтарда Астана мен Ақмола облысында қарлы бұрқасын жалғасады. Оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді, кей жерлерде ол 25 метрге жетуі ықтимал. Жол үстіндегі көзге көрінер аумақ 50 метрден аспайтындықтан Астанадан барлық бағыттарда көліктердің шығуына тыйым салынды. Облыстың барлық аудан орталықтары мен қалаларынан шыға беріс жолдар жабылды.