Оралбай Әбдікәрімов Қазақстан мен Ұлыбритания парламентшілері арасында соңғы жылдары айтарлықтай белсенді байланыс орнағанын ризашылықпен атап өтті. Өзара делегациялар алмасу, заң шығару және құқықтық реформа аясында тәжірибе бөлісу, парламенттер палаталары құрамында екі жақты жүйелі қарым-қатынас жасау мәселелерін ерекше назарда ұстайтын арнайы депутаттық топтардың жұмыс істеуі - соның айқын айғағы. Мұның өзі Қазақстан мен Ұлыбританияның тікелей екі жақты және аймақтық мүдделерін қамтамасыз етуге игі ықпал етуде.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ұлыбритания парламентшілері сапарларының тек Астанамен шектелмей, облыстарда да болуы елді тереңірек танып-білуге жақсы әсер ететініне назар аударды. Делегация жетекшісі Джон Манн өздерінің бұл жолғы сапарларының мақсаты - Қазақстан-Британ қарым-қатынастарының өнеркәсіп-сауда саласындағы ынтымақтастық, Қазақстандағы азаматтық қоғам құру және контрабандаға қарсы күрес мәселелерімен жақынырақ танысу екенін айтып, осы мәселерге қатысты қазақстандық әріптестерінің пікірін сұрап білді. Ағылшын парламентшілері заң шығаруға байланысты екі елдің паламенті аппараттары қызметкерлерінің тәжірибе алмасуы мен бірлескен оқуларын ұйымдастыру жөнінде нақты ұсыныс жасады. Ол сенат төрағасы тарапынан толық қолдау тапты.
Кездесуге Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Джеймс Шарп, Қазақстан-Ұлыбритания парламентаралық байланыс топтарының жетекшілері Қуаныш Сұлтанов пен Шәріп Омаров қатысты.