Елорда айналысындағы азық-түлік белдеуі жаңа 13 жобамен толықпақ (ФОТО)

Бұл туралы өңір басшысы Сергей Кулагиннің төрағалағымен өткен мәжілісте айтылды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен. 

Мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Дәурен Әділбековтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, Астана қаласының аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыруды дамыту бағдарламасы шеңберінде 2015 жылы Целиноград ауданында жылдық қуатты 20 мың тонна болатын етті бройлер құс фабрикасы ашылмақ. Сондай-ақ, биылғы жылы одан басқа 12 жоба жүзеге асырылады.

Атап айтсақ, Шортанды ауданындағы астықты терең өңдеу бойынша зауыт құрылысы, Ақкөл ауданындағы өндірістік жылдық қуатты 2200 тонна болатын жылыжай құрылысы, Атбасар ауданында 5 мың бас ірі қара өсіру жобасы жүзеге асырылуда, Сондай-ақ, Степногор қаласында жылыжай кешенін кеңейту жоспарланған.

Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Әділбеков Астана қаласының аумағында азық-түлік белдеуін құру бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы 38,4 миллиард теңгенің 13 жобасы жүзеге асыру жоспарланып отырған атап өтті.

«Ағымдағы жылдың 5 айында облыстың ауыл шаруашылығын өндірушілері Астана нарығына 16,4 мың тонна сүт өнімдерін, 5,1 мың тонна ет өнімдерін, 65,5 миллион дана жұмыртқа өнімдерін жеткізді. Одан басқа, «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламасының аясында сумен жабдықтау және су ағызу жүйесін дамыту бойынша 9 жобаны жүзеге асыруға мемлекеттік қазынадан 3,3 миллиард теңге бөлінді», - деді Дәурен Әділбеков.

Атап өту керек өңірде көктемгі дала жұмыстары аяқталды. Облыста биыл 4 миллион 196,4 мың га жерге дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, 239,5 мың гектар аумаққа майлы дақылдар егілген. Жалпы облыс бойынша жем-шөп егілетін алқаптар аумағы 537,3 мың гектарды құраған. 18,6 мың гектарға картоп, 4,4 мың гектарға көкөніс егілген. Мал шаруашылығы саласында 35 мың тонна ет, 124,6 мың тонна сүт, 293,2 миллион дана жұмыртқа өндірілген.


Облыста шағын және орта бизнес өкілдерінің 48,9 мың әрекет етуші субъектілері бар. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының жүзеге асырылу кезеңінде 47,8 миллиард теңгенің 354 жобасы мақұлданған.

2015 жылдың маусым айына 2953-дтен астам жаңа жұмыс орындары ашылған. Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2011-2020 жылдары Көкшетау қаласында 2620 орындық 8 мектеп, 3 жұмыс істеп тұрған білім беру нысандарына қосымша жанынан және 940 орындық 4 бала бақшасы салынбақ.

Әкімдік отырысын қорытындылай келе өңір басшысы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын күшейту, облыстағы барлық әлеуметтік нысандар бойынша жөндеу жұмыстарын уақытылы бітіруді тапсырды. Сондай-ақ, ол аудан және қала әкімдеріне бюджеттің дер кезінде орындалуын қадағалау мен ауылдарды абаттандыруға ерекше көңіл бөлу туралы тапсырмалар берді.