Полицейлер күдіктіні камера арқылы анықтап, ұстады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz
"Оқиға туралы полицияға 78 жастағы зейнеткер хабарлады. Қарияның айтуынша, түскі уақытта ол Бейсекова көшесімен үйіне бара жатқан. Осы уақытта жанына бір жас жігіт келіп, жақын жердегі түскі ас ішуге болатын орындарды сұраған. Қария күдіктенбестен жолды түсіндіріп жатқанда, ер адам оны жұдырықпен ұрып құлатқан", - деді полиция қызметкерлері.
Қарақшы зейнеткердің ақшасы мен құжаттары бар әмиянын және екі ұялы телефонын тартып алып, оқиға болған жерден қашып кеткен.
"Қарақшы ақша мен ұялы телефонды иемденіп, құжаттарды лақтырып жіберген. Елордалық полиция департаментінің жедел басқару орталығы қызметкерлері күдіктіні анықтады. Олар 30 жастағы ер адамды ұстады. Ұсталған азамат бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды", - деп хабарлады департамент өкілдері.
Күдікті УҰИ-ға қамауға алынды. "Тонау" бабы бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.