Елордада «AgriTekAstana-2011» ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі ашылды

Осымен 6 мәрте өткізіліп отырған шараның ашылу рәсімінде сөз алған «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның өкілі Л.Мухинаның атап өтуінше, ауыл шаруашылығы секторы еліміздегі тұрақты дамып келе жатқан саланың бірі әрі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында да басымдыққа ие. Сондай-ақ Қазақстан халқына арналған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауда ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру, экспорт көлемін ұлғайту сынды міндеттер қойылған. Бұл орайда ағымдағы жылы қолға алынған «ҚазАгро» АҚ-ның отандық ет өндірісін дамытуға арналған бағдарламасы аясында еліміздегі асыл тұқымды мал басын көбейтудің маңызы зор. Осыған орай аталған бағдарламаға қатысы бар мал азығы, ветеринария, заманауи технологиялар сынды салаларды дамыту қажеттігі айқын сезіледі. Демек бүгінгі елорда төрінде ашылған көрменің ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етіп жүрген шаруалар, фермерлер үшін берері мол.

Оның пікірінше, мұндай көрмелер жаңа технологиялармен жете танысып, оның мүмкіншіліктерін бағдарлауға мол мүмкіндік берумен қатар, шағын келісімшарттар жасауға, әріптестік қарым-қатынас орнатуға жол ашады.

Наурыздың 18-не дейін жалғасатын көрмеде Франция, Ресей, Германия, Ұлыбритания, Италия, Польша, Түркия сынды әлемнің 16 ірі мемлекетінің 130-дан астам ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын кәсіпорындары бас қосып отыр.