ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің жалпы отырысында Қазақстан аумағын барлық әлемдік діндердің киелі орындары көрініс тапқан картаға теңеді, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«Бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Себебі ғасырлар бойы қазақ жері Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық олардың бәріне ортақ сипат», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомат Тоқаев ол сөзіне ежелгі Қойлық қаласынан жеткен мұраны мысал етіп келтірді.
«Мысалы еліміздің Алматы облысында Қойлық деген ортағасырлық қаланың орны бар. Сол жерде қазба жұмыстары жүргізілді. 12-14 ғасырларда осы қалада ислам, христиан және буддизм дінінің ғибадатханалары іргелес тұрғаны анықталды. Шын мәнінде Қазақстан аумағы барлық әлемдік діндердің киелі орындары көрініс тапқан карта іспетті», - деді Мемлекет басшысы.
Айта кету керек, екі күнге созылатын съезге 50 елден 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым мүшелері келген.
Олардың арасында Рим Папасы Францисктен бөлек, Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф және басқа да діни жетекшілер, бірқатар халықаралық ұйымның өкілдері бар.
Кеше кешке Рим Папасын елорда әуежайынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күтіп алды.
Кейіннен Қазақстан Президенті мен Рим Папасы Франциск Ақордада екіжақты кездесу өткізді . Айта кетерлігі, Рим Папасы Францисктің елімізге мемлекеттік сапары Рим Папасы Иоанн II Павел Қазақстанға 2001 жылы келгеннен кейін алғаш рет өтіп жатыр. Бүгін ол елордада месса өткізеді. Оған 3 мыңға жуық адам қатысатыны күтіледі.