Халықты әлеуметтік қорғау жүйесі аясында қызмет ететін кез-келген қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар, ведомстволар, мекемелер және жеке тұлғалар қаржыландыру көзіне қарамастан аталған шараға қатыса алады. Ұйымдастырушылар бір жылдан астам уақыттан бері іске асырылып жатқан, сондай-ақ, әлеуметтік маңызды және іс жүзінде оң нәтиже беретін жобаларға баса назар аударады.
Бұдан басқа, жоба қиын өмірлік жағдайға тап болған және әлеуметтік көмек пен қолдауға мұқтаж халық топтарын қамтуы тиіс. Комиссия мүшелерінің қарауына ұсынылған үздік жоба көрмеге шығарылады.
Көрмеге қатысушылар 12 қыркүйекке дейін жобаның презентациясы тіркелген өтініштерін жолдаулар тиіс. Бұл шара елордада екінші рет өткізіледі. Ұйымдастырушылар Астана қаласының тұрғындарын елімізде әзірленіп жатқан жобалар және олардың мүмкіндігі шектеулі жандар үшін маңыздылығы жөнінде хабардар ету үшін шараны жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.
Ведомство қызметкерлері былтыр көрме пилоттық режимде өткізілгенімен жақсы идеялар мен жобалар көп болғанын атап өтті. Шара барысында келушілер назарына «Жұмыстарға мүгедек жандарды тарта отырып, ағаш, саз, киіз, тері, тас, бисерден қолмен имидждік кәдесый өнімдерін жасау» жобасы ұсынылды. Жобаның авторлары - Мүгедектер қоғамдық бірлестігінің және Дина Ергильдинованың жетекшілігімен «ДОС» тәуелсіз өмір орталығының мүшелері. Мүгедектерді жұмыспен қамту сияқты маңызды міндетті атқаратындықтан нақ осы жоба үздік деп танылды.