Елордада «Астана арландары» мен «Бейжің айдаһарлары» арасындағы жекпе-жектер өтеді

ҚР Бокс федерациясының хабарлауынша, ел намысын Қанат Әбутәліпов, Азамат Смағұлов, Мирас Байырханов, Максвел Ампонсо және Руслан Мырсатаев қорғайды.

Жарыстан бір күн бұрын «Думан» қонақ үйінде бапасөз мәслихаты ұйымдастырылып, спортшылардың салмағын өлшеу рәсімі өткізіледі.

Айта кетейік, Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының ұйымдастыруымен өтетін додаға 12 мемлекеттің командалары қатысады. Олар өз аймақтары бойынша үш топқа бөлінген.

Қазақстанның «Астана арландары» клубы Оңтүстік Корея, Қытай және Әзірбайжан командаларымен бір топта өнер көрсетеді.

Бұған дейін елордадағы «Дәулет» теннис кешенінде өткен кездесуде қазақ былғары қолғап шеберлері кәрістің «Инчхон қырандары» деп аталатын клубын 5:0 есебімен ойсырата жеңген болатын. Өкінішке орай келесі айналымда Алматыдағы «Достық» кешенінде Әзірбайжанның Baku Fires командасымен қолғап түйістірген қазақстандық бокшылар 4:1 есебімен есе жіберді.