Елордада Астана халықаралық форум басталды

Елордадағы Конгресс орталықта Астана халықаралық форумы жұмысын бастады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа поратлы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап. 

Халықаралық форумның жалпы отырысына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйлейді. Сонымен қатар Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Босния және Герцеговина президиумының төрағасы Желька Цвиянович, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, ЮНЕСКО бас директоры Одрэ Азуле, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева және басқа да спикерлер сөз сөйлейді деп жоспарланған.

 

Форум климаттың өзгеруіне, азық-түлік тапшылығына және энергетикалық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді шешу жолдарын қарастыру мақсатында шетел үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен ғылыми ортаның жоғары лауазымды делегаттарының диалогіне арналған алаң болмақ.

 

«Бүгінде біз бүкіл әлем бойынша тарихи сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырмыз. Мұндай жағдайды ондаған немесе одан да көп жыл бойы бастан өткермедік. Бұл сын-қатерлер халықаралық қауымдастыққа бұрын-соңды болмаған ауыртпалық әкеліп, жаңа бөлінушілік тудырып, жаһандану мен мультилатерализм қағидаттарына қарсы келіп жатыр. Астана халықаралық форумы әлемдік жүйенің негізгі постулаты ретінде ынтымақтастыққа басымдық бере отырып, осы сын-қатерлерге төтеп беру үшін құрылды. Шығыс пен Батыс арасын байланыстырушы көпір қызметін атқарып отырған Қазақстанның сындарлы халықаралық қатынастарды дамыту бойынша терең тарихы бар. Бұл саясат 2022 жылы елеулі сынақтан өткенімен, өзінің орнықтылығын дәлелдеді. Біз ынтымақтастықтың құндылығын көрсете


білдік. Астана халықаралық форумы арқылы жаңа дипломатиялық, экономикалық және саяси жолдарды айқындай отырып, алдымызда тұрған ортақ сын-қатерлерді бірлесе жеңу үшін жаңа қатынас көпірлерін орнатып, байланыстарды нығайтамыз деп үміттенеміз», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев форумның құрылуына қатысты түсініктеме бере келе.

«Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, өркендеу және прогресс жолында» атты форум жұмысына 40-тан астам елден 400-ге жуық делегат қатысуда.