Елордада «Astana Piano Passion» жас пианистер байқауы ашылды

Ашылу салтанатында сөз алған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов: «Astana Piano Passion» екінші халықаралық классикалық музыка фестивалі және жас пианистер байқауында сіздерді көріп отырғаныма өте қуаныштымын. Өткен жылы бұл байқау таң қалдырарлық дәрежеде қатысушылар жинап, классикалық музыкаға бейжай қарамайтын әлемнің барлық өнерлі өрендерін шақырды. «Astana Piano Passion» өнер кеңістігінде жастардың жұлдызын жағып, олар он шақты концерт беріп, әлемнің түрлі сахналарында өнер көрсетіп үлгергендігі көңіл қуантады. Мінекей, сол уақыттан бері біз жас өрендердің өнерлерін тамашалап, қазақтың және әлем классиктерінің шығармаларын тыңдаудамыз, бұл - жылда кішкентай өнерлі жастардың таланттарын шыңдап, өнерге кеңінен қанат қақтыруға үлкен мүмкіндік деп білемін», - деп атап өтті.

Осымен екінші жыл ұйымдастырылып отырған классикалық музыка додасы былтырғыдан да ерекше болмақ. 10 мамыр күні «Astana Piano Passion-2013» лауреаттар концерті өтсе, 12 мамырда Е.Мечетинаның кеші, 13 мамыр күні Денис Мацуевтің және жартылай финалға өткен өнерпаздардың кеші, 16-мамыр халықаралық өнер сайысының салтанатты жабылу рәсімі өтпек. Бұдан бөлек, жас дарындар мен олардың оқытушыларына ерекше шеберлік сағаттары өткізіледі. Атап айтсақ, 13 мамырда Мишель Берофф (Франция) және Хюнг-Джун Чангтің (Оңтүстік Корея) шеберлік сыныптары, 14 мамырда еліміздің музыка ұстаздары мен қазылар алқасының қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылады.


Биылғы жылдың ерекшелігі - ғаламтор арқылы дауыс беру мүмкіндігінің туғаны. Яғни, кез-келген ниетті адам astana-app.kz. сайтына кіріп, дарындардың дара шабысына дауыс бере алады. Соның нәтижесінде көрермен көзайымын анықтауға болады.

Аталмыш өнер бәйгесі жас дарындардың шығармашылығын шыңдап қана қоймай, халықаралық байланыс орнатып, үзеңгілестерінің қадам алысын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, еліміздің композиторларының тың туындыларын насихаттайды.

Естеріңізге салайық, аталмыш пианистер байқауы әлемнің өзге елдерінің де қызығушылығын туғызған еді. 130 жас дарын қанат қаққан алғашқы халықарылық байқауда 20 елдің 60 қаласынан үміткерлер қатысқан болатын.