Елордада «Астана-2010» XII авторлық әндердің халықаралық фестивалі өтеді

Бұл туралы бүгін БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихаты барысында «Доминанта» авторлық әндер қорының директоры Мақсат Сәрсенбеков мәлім етті.

«Фестиваль Астанада осымен 12 жыл қатарынан өткелі отыр. Ағымдағы жылы біз қонақтар бағдарламасын барынша түрлендіруге тырыстық. Бұл жолы Жеңістің 65 жылдығына, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған тақырыптық концерттер өтеді деп күтілуде. Оны Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп өткізетін іс-шаралар аясында ұйымдастырамыз», деді қор директоры.

Конкурсқа 120-150 шамасында орындаушылар қатысады деп күтілуде, олардың 20-сы ақтық сынға жолдама алады. Ағымдағы жылы байқау қазылар алқасын бард әндердің танымал авторы, мәскеулік Александр Мирзоян басқарады. Сонымен қатар қазылар құрамында Владимир Васильев (Харьков қ.), Раиса Нұрмұхаметова (Мәскеу қ.) және Роман Ланкиндер (Томск қ.) болады.

Шеберлік және конкурстық концерттерге қатысушылардың өнері «Автор», «Орындаушы», «Музыка авторы» және «Ансамбль» аталымдары бойынша бағаланады.

Сонымен қатар биыл мәдени іс-шараның тұрақты ұйымдастырушылары елорда әкімдігі мен «Доминанта» авторлық әндері қорының қатарына фестивальді қаржыландырудың бір бөлігін көтергелі отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы да қосылды.

«Астана-2010» XII авторлық әндердің халықаралық фестивалінің ашылуы шілденің 16-сы күні «Причал» мотелінде өтіп, шілденің 18-іне дейін жалғасады.