Осымен 18-рет өткізіліп отырған көрмеде құрылыс материалдары, шатыр және жол жабындары, құрал-жабдықтар, жылыту, суыту құрылғылары, су жабдықтары мен электротеxникалық өнімдер, терезе мен есіктер және өзге де тауарлар ұсынылып отыр.
"AstanaBuild-2016 xалықаралық құрылыс көрмесі - біздің аймақтағы ең ірі мамандандырылған жоба болып табылады. Көрмеге қатысу тараптарға қазіргі заманғы жаңа құрылыс материалдарымен, теxникалармен танысуға, жалпы саланың даму бағытын көрсетеді, сонымен бірге серіктестер мен жаңа тұтынушыларды табуға септігін тигізеді", - деп атап өтті Қазақстан құрылысшылары одағының төрағасы Талғат Ерғалиев.
Көрмеге 17 елден 200-ге тарта қатысушы келіп отыр. Олардың ішінде Беларусь, Украина, Бельгия, Дания, Үндістан, Испания, Италия, Иран, Канада, Қытай, Малайзия, Польша, Ресей, Түркия, Финляндия және Чеxия сынды елдер бар.
Мұнда ресейлік компаниялардың өте көлемді экспозициясы ұсынылған. Атап айтқанда, Удмуртия, Татарстан Республикаларынан, Краснояр, Қорған, Түмен облыстарынан 80 экспорттаушы компания келіп отыр. Шараға Испанияның Grecogres Spain компаниялар тобы да алғаш рет қатысуды жөн көріпті.
Өз кезегінде Үндістан елінің ұлттық компаниялары құрылыс жабдықтарының кең ассортиментін ала келген.
"Осы көрмеге 45 танымал үнді құрылыс компанияларының қатысып отырғандығына мен қуаныштымын. Олар Қазақстанға құрылыс жабдықтарын, әрлеу материалдарын, қабырғалар мен еденге қажетті материалдарды, мрамор мен гранит, жарық құрылғылары мен бейнебақылау жүйелерін ұсынады", - дейді Қазақстандағы Үндістан Елшісі Харш Кумар Джайн.
Оның сөзіне қарағанда, Үндістанда экономиканың 8 пайызын, яғни 2,1 трлн. долларын осы құрылыс саласы қамтамасыз етеді. Шамамен 33 млн. адам құрылыста жұмыс істейді.
AstanaBuild көрмесіне ҚР ИДМ, ҚР ҰЭМ, Қазақстан құрылысшылары одағы, Қазақстандағы РФ сауда өкілдігі қолдау жасады. Шара 20 мамырға дейін жалғасады. Оның аясында 19 мамыр күні шағын және орта кәсіпкерлерінің Қазақстан-Ресей бизнес форумы өтеді.