Елордада Беларус Республикасының Қазақстандағы Мәдениет күндері жалғасуда

Беларус Республикасының Қазақстандағы Мәдениет күндерінің аясында словян елінің қылқалам шеберлерінің көрмесінде бірқатар суретші буынының жұмысы қойылған.

«Біз өзіміздің қазіргі заманғы беларус кескіндемесін тегіннен тегін алып келген жоқпыз. Беларус халқының ұлттық графикасын көрсеткіміз келді. Себебі ол біздің өнеріміздегі ерекше өзіндік сипаты бар, жарқын әрі бірегей құбылысы», дейді Минск қаласының қазіргі заманғы бейнелеу өнері мемлекеттік мұражайының директоры Наталья Шарангович.

Оның айтуынша, кескіндеме өнерінің мектебі Беларусияда 50 жылдан бері дамып келеді. Түсі қанық және басқалардан мүлдем айырықша стилімен ерекшеленетін, беларус кескіндемесі қалыптасып үлгерді. Тіпті Беларусияда бұл өнер үлкен танымалдылыққа ие болып отыр.

«Кескіндеме жоғалып кетпейді, керісінше бұл өнер Беларусияда дамып, қарқын алып келе жатқан жағдайы бар. Біз бүгін біздің елдегі графика өнерінің қалыптасуына үлес қосқан ардагер суретшілердің, сонымен қатар олардың ізін қуып келе жатқан, әлемде аттары белгілі қылқаламшылардың жұмыстарын алып келдік», деп атап көрсетті Н. Шарангович.

Н. Шарангович Беларус елінде қазақ суретші-кескіндемешілерінің жұмыстары танымал екендігін де айтып қалды. Олардың жұмыстары көбіне-көп отандарының мәдениетін, салт-санасын және эпостарын суреттейді. Сондықтан олар көрмеге суреттерді таңдау барысында Беларус халқының менталитетін, ішкі түсінік қалыбын айқындайтын суреттерге мән берген.

Экспозицияға қатысушы жиырма төрт автор офорт, акватинта, мецца-тинта, құрғақ ине техникасымен орындалған, сонымен қатар линогравюра, литография, акварельмен салынған 50-ден астам туындыларын қойды.