Күй өнерінің шебері Т.Шәмелов Батыс Қазақстан облысының Орда ауданына қарасты Саралжын ауылында дүниеге келген. Алматы музыкалық училищесін, Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. Домбырашы, Қазақстан халық әртісі Қали Жантілеуов сынды саңлақтардан күй өнерінің қыр-сырын меңгерген. Құрманғазы атындағы оркестрде қырық жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп, қатардағы домбырашыдан бас концертмейстер, көркемдік жетекші дәрежесіне дейін көтерілді. Оркестр құрамында әлемнің көптеген елдерінде өнер көрсетті. Жеке орындаушы ретінде Франция, Қытай, Ауғанстан сынды шет елдерде болып, қазақ елінің өнерін әлем жұртшылығына таныстырды. Бірнеше күйі күйтабаққа жазылған. Оның Қадыр Мырза Әлидің «Домбыра», А.Асылбековтің «Ауылымды сағындым» сөзіне шығарған әндері республикалық конкурстарда жүлделі орын алды.