Елордада Иран суретшілерінің көрмесі ашылады

Көктемнің басталуымен, көнеден келе жатқан халықаралық Наурыз мейрамы да келіп жетті. Наурыз - өмірдің, татулық пен достықтың жаршысы. Наурыз мерекесін Шығыс халықтарының басым бөлігі ұлықтайды. Бұл халықтар арасындағы қарым-қатынастардың тарихы терең екенін көрсетеді.

Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығы мен Иран Ислам Республикасының елшілігі ескі дәуірлерден бері мерекелеп келген әз-Наурызды ұлықтау мақсатымен, Иран сурет өнері көрмесі мен Иран дәстүрлі әндерінің кешін ұйымдастырып отыр. Аталмыш іс-шарадан иран мен қазақ халықтарының мәдениеттерінің ортақтығы мен ұқсастығы жайлы көптеген мағлұматтар алуға болады.

Иран Ислам Республикасы бейнелеу өнерінің халықаралық дәрежедегі танымал өкілдері Салеһи, Эсмати, Хоррами, Аджами, Сардахи және т.б. суретшілердің миниатюра, каллиграфия, графика, иллюстрация секілді туындылары көрермендер назарына ұсынылады.

Шығыс дәстүрлі музыкасын ұнататын тыңдармандар үшін Иран Өнер қауымдастығының атынан иран дәстүрлі әуендерін орындаушылар қазақ музыкасына ұқсастығы мол, көктем мен наурыз лебін сездірер әуендерін сыйға тартады. Иран музыкасы мен қазақ музыкасы өз бастауын әл-Фарабидың «Музыка туралы үлкен трактат» кітабында жүйелеп жазып, әлемге таныстырып кеткен музыкадан алғанын атап өтпеске болмас. Концертте орындалатын әуендер қазақтың қасиетті аспаптары домбыра мен қобыз секілді тарихы тереңге кететін иранның көне музыка аспаптары: тар, дутар, ситар, барбат, томбак аспаптарымен ойналады. Топ мүшелері Фардин Карим Хавари, Меһрдад Карим Хавари, Хамид Хасели, Хабиолла Мохаммади көптеген халықаралық музыкалық байқаулар мен фестивальдердің жеңімпаздары болып табылады.

Көрмені ұйымдастырушы Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығы, Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігі.