Аталған деректі фильмде екі ғасырдың куәгері, Алатаудың бұлбұлы атанған, өмірінің соңына дейін халқына қызмет еткен ақиық ақын жайлы балаларының, жерлестерінің, ақын, сазгер, ғалымдардың, өнер зерттеушілер мен басқа да көрнекті тұлғалардың әр кезеңде айтқан ой-пікірлері, естеліктері жан-жақты беріледі.
Фильм түсірілімі барысында, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының кинофото құжаттары, дыбыс жазу жөніндегі мемлекеттік және Бақытжан Кененұлының жеке мұрағатынан алынған кино үзінділер мен фотосуреттер пайдаланылған.
Сценарийдің авторлары оның ұлы - Бақытжан Әзірбаев пен Доқтырхан Тұрлыбек, ал кеңесшісі - филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков.
Киелі Қордай жерінде артында ән мен жырдың өшпес мұрасын қалдырған, Алатаудай асқақ ақын, күмбір кеуде композитор болған Кенен Әзірбаев - қазақ халқының өнерін тұла бойындағы тума талантымен ұлттық биіктікке көтеріп, ғасырлық кеңістікке жеткізген ақиық тұлғалардың бірі.
Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Кенен өзі өмір сүрген замандағы әйгілі «июнь жарлығы», сонымен сабақтас 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы, одан соңғы Қазан төңкерісі, ұжымдастыру науқаны, халық дәулетінің жаппай тәркіленуі, халықты қынадай қырып кеткен ашаршылық, үркіншілік , соғыс, одан кейінгі тың игеру мен екпінді құрылыстар салу барысындағы желбуаз ұраншылдық сияқты халық тағдырына түбегейлі өзгеріс енгізген тарихи оқиғалардың бел ортасында болды. Жай сырттай бақылаушы емес, сол тарихи оқиғаларға Кенен сергек араласып, өзінің азаматтық позициясын бойындағы буырқанған дарыны арқылы айғақтап отырды.
Оның әншілік, композиторлық болашағына әнші-жыршылардың, домбырашы-күйшілердің әсері зор болды. Әсіресе, Жамбыл, Сарыбас, Балуан Шолақ, Шашубай сынды белгілі әнші-ақын, композиторлардан үлгі-өнеге алған. Ақын-композитордың «Бозторғай», «Көкшолақ», «Базар-Назар», тағы басқа әндері халық сүйіп айтатын мәңгілік рухани қазынаға айналған.
Кенен өзінің елеулі еңбегі үшін ел құрметіне бөленіп, Қазақ КСР-не еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Жазушылар одағы мен КСРО Композиторлар одағының мүшесі және Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иесі болды. Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен бірнеше рет марапатталды.