Қайым (Ғаблұлқайым) Мұхамедханов 1916 жылы 5 қаңтарда Семей өңірінде дүниеге келген. Ол - абайтану ғылымының негізін қалаған көрнекті ғалым, текстолог, М. Әуезовтің шәкірті, 1940 жылдан КСРО Жазушылар Одағының мүшесі, Семейдегі Абай мұражайының негізін қалаушы, 1945 жылғы Қазақ КСР мемлекеттік Әнұраны мәтінінің авторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының халықаралық Абай атындағы сыйлығының алғашқы лауреаты, қоғам қайраткері, жазушы, драматург, ақын, аудармашы, педагог.
«Семей қаласында оның әкесі Мұхамедхан Сейітқұлов сол кездің ірі меценаты, абадан мінезді, зиялы кісінің қатарынан болатын. Ол өзінің үйінде Алаш Орда партиясының барлық өкілдерін жинап, үнемі басқосу өткізетін. Сол үйде өскен Қайым Мұхамедханов зиялы қауымның сұхбатын тыңдап жетілді. Осындай кездесулердің бірінде ол тұңғыш рет өзінің келешек ұстазы Мұхтар Әуезовті кезіктірді. Осылайша Алаш рухы Қайымның бойында жастайынан қалыптасты»,-дейді қызы Дина Мұхамедханова.
Алайда 1937 жылы Сталиннің қуғын-сүргіні басталып, алаштықтар атылады. Оның әкесі Мұхамедхан Сейітқұлов та ату жазасына кесіліп, сол сұрапыл саясаттың құрбандары тізіміне ілігеді. Репрессия салдарлары жас ғалымға да тиіп, Педагогикалық институттан кетуіне тура келеді. «Алайда ол «Алаш» идеясын сатпады. Өзінің ұстазы М.Әуезовпен бірге ол зерттеу тақырыбына мүлдем тың бағытты таңдайды. Ол уақытта Абай шәкірттерінің шығармалары жоғалып бара жатты. Қайым ұстазының ақылы бойынша, Абайдың барлық шәкірттерінің аттарын жаңғыртып, олардың өмірбаяндарын тірнектеп жинайды, машақаты зор текстология әдісі арқылы олардың бүкіл шығармаларын қалпына келтіреді. Қазір олар мектеп бағдарламаларында қолданылып келеді. «Осындай кештер оқушыларға, жас буынға аталмыш еңбектердің қандай күшпен, қандай құрбандықтармен келгендігін түсіндіруге, оның қадірін жеткізуге жол ашады»,-дейді ол.
Кеш барысында ғалымның мол мұрасы - ғылыми еңбектері, көркем шығармалары, қолжазбалары мен өлеңдері кітапхана фоесіндегі көрмеге қойылды.
Қайым текстологиялық зерттеулерінің негізінде жаңғыртқан мәліметтерге сүйене отырып, диссертациялық жұмыстарын қорғады. Бұл ғылыми зерттеулер 12 жылға жалғасты. 1951 жылы ол «Абайдың әдеби мектебі» атты диссертациясын қорғап шықты. Дегенмен марксизм мен ленинизм мектебін ғана мойындаған Кеңестер Үкіметі Абай мектебі бар деген сөзге иланғысы келмеді. «Осыдан кейін ол 5 жылға сотталып, 5 жыл бойы сұмдық азаптаулардан өтті. Дегенмен ол «Абай мектебі бар және қала бермек» деген ойынан қайтпады. «Алаш арыстары жан пида болғанда менің қу басымның құны нешік» деген сөздермен қасқайып тұрып алды»,-дейді Д. Мұхамедханова.
Қ. Мұхамедханов 2004 жылдың 30 маусымында дүние салды. Оған Семей, Абай, және Жаңасемей аудандарының «Құрметті азаматы» атағы берілген.