Елордада майдангерлерге 1 млн теңгеден беріледі

Бұл туралы Caravan.kz порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.

«9 мамырға ақшалай төлем ардагерлердің жесірлеріне, тыл еңбеккерлеріне және басқа да бірқатар санаттарға қарастырылған. Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге байланысты Нұр-Сұлтанда ҰОС қатысушылары мен мүгедектері 1 млн теңгеден алады. Қазіргі таңда елордада ҰОС 44 ардагері бар. Сонымен қатар, тыл еңбеккерлері, қайтыс болған ҰОС мүгедектері мен қатысушыларының әйелдері, сондай-ақ жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген барлық адамдар да бір жолғы ақшалай төлем беріледі», делінген хабарламада.

Атап айтқанда, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар мен мүгедектеріне теңестірілген адамдарға – 75 мың теңгеден (405 адам), жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғысқа қатысушыларға теңестірілген адамдарға, оның ішінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына, соғыс жылдарында қайтыс болған ҰОС ардагерлерінің жесірлеріне, тыл еңбеккерлеріне – 32 500 теңгеден (3 529 адам) біржолғы ақшалай төлем қарастырылған.