Бұл туралы бүгін Астана әкімі Ә.Жақсыбековтің төрағалығымен өткен елорда экономикасын жақсарту мәселелеріне арналған жиында қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әбілқайыр Сқақов мәлім етті.
«30743 агент өздерінің жалдамалы 4431 жұмысшысының ең төменгі жалақысын ғана көрсетеді. Бұл бизнестің жалақыны «хатқалтамен» беру тәжірибесін жалғастырып отырғандығын дәлелдейді», - деді Ә.Сқақов.
Оның атап өтуінше, шынайы жалақыны қысқартып көрсетудің нәтижесінде қала бюджеті қағылатын қаржы жылына 8,3 млрд. теңге көлемінде бағалануда. Ал табыс және әлеуметтік салық төлемдері жылына 1,4 млрд. теңге кем түседі.
«Бұл жергілікті бюджеттің тікелей шығысы. Мәселен, салық есеп-қисабына сәйкес құрылыспен айналысатын әрі жасаған жұмыстары бойынша 4,2 млрд. теңге айналымы бар «АстраЦвет» ЖШС-ында айлық жалақысы 25 мың теңгені құрайтын 1 ғана жұмысшы тіркелген. Елордада басшысыз әрі жалдамалы жұмысшысыз жұмыс істейтін «елес» компаниялардың саны 800-ден асып жығылады. Қалада 2760 жұмыс беруші бар, олар өз декларацияларында жалдамалы жұмысшыларды көрсеткенімен оларға төленетін жалақы қорын жасырады. Яғни, оларда адамдар тегін жұмыс істейді», - деді департамент басшысы.