Мәдени шараға Астана қалалық мемлекеттік филармониясының қазақ халық аспаптар оркестрі, камералық хоры, КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бибігүл Төлегенова, ҚР Халық әртістері, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Нұрғали Нүсіпжанов, Алтынбек Қоразбаев, Нұржамал Үсенбаева және басқа да танымал орындаушылар қатысады.
Қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - Айтқали Жайымов. Камералық хордың көркемдік жетекшісі және дирижері ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - Ержан Даутов.
Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев (1925-1998 жж.) - қазақтың күйші-сазгері, дирижер, дәулескер домбырашы. ҚР Халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, КСРО халық әртісі. Н.Тілендиевке 1998 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағы берілді.
Н.Тілендиев - қазақ музыкалық мәдениетіне сазгер, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер. Ол - 500-ден астам музыкалық төл туындылардың авторы. Осынау мол мұраның жанрлық аясы да қайран қалдырады.
Таңдаулы шығармаларынан «Достық жолымен», «Менің Қазақстаным» кантатасын, Қ.Қожамьяровпен бірлесіп жазған «Алтын таулар» операсын, «Ата толғауы» күйін және оркестр үшін жазылған шығармаларын, «Халық қуанышы», «Қайрат», «Жеңіс солдаты» сияқты увертюраларын атауға болады. Оның «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Ата толғауы», «Әлқисса», «Қорқыт туралы аңыз», «Көш керуені», «Махамбет», «Фараби сазы» сияқты күйлері мен «Саржайлау», «Алатау», «Ақжайық», «Ақ құсым», «Өз елім» сияқты ондаған әндері халықтық бояу-нақышының қанықтығымен, өзіндік қолтаңбасының айқындығымен жұртшылықтың сүйіп тыңдайтын рухани қазынасына айналған. Мұның сыртында қырықтан астам пьесаға және жиырмадан астам фильмге музыка жазған.
Нұрғиса Тілендиев музыкасын жазған М. Әуезовтың, Ш. Аймановтың, Ә. Тәжібаевтың пьесалары, сондай-ақ «Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым Қожа», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» фильмдері қазақ сахнасы мен экран өнерінің классикасына айналған.