Елордада «Сүйемін сені, Астана!» фестивалі өтеді


«Сүйемін сені, Астана!» фестивалі кезекті мәрте қатысушылар мен келушілерді қызықты шығармашылық үдеріспен қуантпақ. Шараға келушілер әлеуметтік мәні бар «Сүйемін сені, туған өлкем!» атты плакаттар көрмесінің ашылу рәсімін тамашалайды. Көрмеге «Мен осы жерде өмір сүремін» атты халықаралық байқаудың қазақстандық және ресейлік қатысушыларының үздік 100 туындысы қойылады. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президентінің музейінен хабарлады деп жазады astana.kz.

Шара соңында ең үздік жұмыстарының авторларын марапаттау рәсімі өтеді.

Шара азаматтарды Отанына адал еңбек етуге, олардың рухани күштерін қалыптастыруға, жақындарына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуге бағытталады. Өйткені, балалар еліміздің де, әлемнің де көп ұлтты екендігін және әр адам құрметке, бақытты болуға лайық екенін білуі тиіс. 

Фестиваль ҚР Тұңғыш Президентінің музейінің және ЮНЕСКО балалар көркемсурет мектеп-клубының бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Бұл бастамаға аталмыш мұражайдың «Балалық шақтағы көзқарас» жобасы аясында Новосібір қаласының «Солярис» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық ұйымы, Ресей мәдениет қорының Новосібір филиалы қолдау көрсетті. 

Естеріңізге салайық, фестиваль ҚР Тұңғыш Президентінің музейінде 30 мамыр күні сағат 11.30-да басталады.