Елордада «тігінші» мамандығы курсын аяқтаған 30 қыз-келіншекке арнайы сертификаттар табыс етілді

«Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Раушан Сәрсембаеваның атап өтуінше, ағымдағы жылы сәуірдің 1-інде Астана мен Алматы қалаларында жұмыссыз әйелдерді оқыту және қайда дайындау бойынша әлеуметтік жоба басталған болатын. Бұл жоба - «Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы» бірлестігінің ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның көмегімен және «Шеврон» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобасы. Іс-шара халықтың әлеуметтік әлсіз тобындағы әйелдерге жаңа мамандық алуға қолұшын беруге бағытталған.

Р.Сәрсембаеваның айтуынша, жоба басталар алдында еңбек нарығында ең қажетті мамандықтардың қандай екендігіне зерттеу жүргізілген. Нәтижесінде Алматы мен Астана қалаларында наубайшы-кондитер, күтуші-тәрбиеші, тігінші, шаштараз мамандықтарына сұраныс басым екендігі анықталған.

Елордада аталған мамандықтарға топтарды дайындау «Мұрагер-Астана» балаларға білім беру кешені, «Думан» қонақүйі, «Салтанат сарайы» кулинарлық цехы және «Шаштараздар мектебі» ЖШС базасында жүргізілуде. Ағымдағы жылдың сәуір-қазан айлары аралығында елордалық 250 жұмыссыз қыз-келіншектерді оқыту жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде аталған мекемелерде дайындықтан өткен 86 адам жұмысқа орналасса, бүгін олардың қатары тағы да 30 тігіншімен толыға түсті. Дайын мамандарды жұмысқа орналастыруды Қауымдастықпен алдын ала келісімге келген әріптес-кәсіпорындар қамтамасыз етуде.