Елордада В. Спиваковтың жетекшілігімен ТМД Жастары симфониялық оркестрінің концерті өтті

ЮНЕСКО-ның «Әлем әртісі» атағына ие дирижер Владимир Спиваковтың жетекшілігімен ТМД Жастарының симфониялық оркестрі өнер көрсетті.

ТМД Жастарының симфониялық оркестрі жыл сайын ТМД елдеріне концерттік сапармен шығып отырады. Биыл да сол дәстүрмен шыққан өнерпаздар тобы Астанада өнер көрсеткеннен кейін, өз концерттерін Ашхабад, Баку, Ереван, Киев және Мәскеу көрермендеріне ұсынады.

Концерт алдында В. Спиваков журналистермен баспасөз мәслихатын өткізіп, Қазақстан мен Астана жайындағы пікірімен бөлісті. «Егер адамды Кеңес Одағы заманынан бүгінгі уақытқа ауыстырып және оған оның Қазақстанда екендігін айтпаса, ол өзін Сингапурда тұрмын деп санар еді», дейді әлемге әйгілі әртіс В. Спиваков.

Бұл оркестр 2007 жылы танымал әртіс Фуат Мансұровтың қолға алуымен ТМД елдерінің шығармашылық және ғылыми интеллигенцияның екінші форумы аясында ұйымдастырылған концертке қатысу үшін жасақталған.

Ағымдағы жылдың мамыр айында В.Спиваков оркестрі Париж қаласында БҰҰ-ның және ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерлерінде Жеңістің 65 жылдығына арналған шараларға қатысып, өнер көрсетті. Оркестр Астанаға сонда орындалған репертуармен келіп отыр.

Оның айтуынша, олар өз репертуарларына әртүрлі халықтардан танымал шығармалар қосқан. Соның ішінде қазақтың композиторы Тілес Қажғалиевтің «Қыз қуу» пьесасы да бар.

«Маған бұл пьеса қатты ұнайды, жарқын, әдемі, кәсіпқой жазылған. Сіздердің композиторларыңның қолынан шыққан дүние екендігі көрініп тұр», деп атап көрсетті В.Спиваков.

Сонымен қатар олардың қорында Джузеппе Верди, Николо Паганини, Петр Чайковский, Жорж Бизе туындылары, достастық ұйымына қатысушы халықтардың шығармалары бар.