Тұңғыш Президент мұражайында белгілі пианиношы Дердь Оравец Ф.Листің фортепианолық шығармаларын орындайды. Сонымен қатар, қонақтардың назарларына Ф.Листің шығармашылық өмірбаяны және Венгрия мәдениеті мен тарихы туралы баяндайтын ақпараттық стендтер көрмесі ұсынылатын болады. Бұл - Еуродақтағы Венгрияның төрағалығына және Ференц Листің 200 жылдық мерейтойын атап өтуге арналған Астананың мәдени өміріндегі тұңғыш және дара музыкалық оқиға.
Көрнекті венгерлік композитор Ференц Листің 200 жылдық мерейтойын бүкіл әлем елдері атап өтуде. Қазіргі уақытқа дейін белгілі пианиношылардың концерттері мен жас музыканттардың халықаралық байқауы Нью-Йорк, Мәскеу, Санкт-Петербор, Баку және т.б. қалаларда өтті. Салтанатты мерекелік шаралар, конкурстар мен концерттер әлемнің көптеген қалаларында Бүкіләлемдік Лист күні деп жарияланған 2011 жылдың 22 қазанына дейін жалғасады.
Ференц Лист (1811-1886) - венгерлік композитор, пианиношы, дирижер, публицист, педагог, музыкалық романтизмнің ірі өкілі. Будапешттегі Музыка академиясының тұңғыш президенті және негізін қалаушылардың бірі.