Елордада жаңажылдық халықтық серуен өтеді

Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты мәлімдеді. 2015 жылғы 31 желтоқсанда «Хан Шатыр» СОО жанындағы мұз қалашығы аумағында, сондай-ақ елорда әкімдігінің алдындағы қалалық алаңда Жаңа 2016 жылды қарсы алуға орайластырылған мерекелік шаралар өтеді. Сағат 22:00-03:00 аралығында қала тұрғындары мен қонақтары Жаңа жылды Аяз атамен және Ақшақармен бірге қарсы ала алады. Жаңажылдық түні қалалық Мемлекеттік академиялық филармония әртістерінің, «Аламан» триосы, «Ринго» тобы, Алмас Кішкенбаев, Досымжан Таңатаров, Дос, Маржан Арапбаева, ағайынды Жүгінісовтар, Альбина Оганесян, Салтанат Байжұманова, Әсел Нұртазина, «Дәуір» триосы, «Сарын» тобы, Бауыржан Нұрымбетов, «Сарыарқа» дуэті, Күләйым Қайырбекова, Нұрғали Тұрлыбеков және т.б. қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Сағат 23:55 алаңдарда орнатылған LED-экрандардан Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңажылдық құттықтауы көрсетіледі. Түн жарымда елорда тұрғындары мен қонақтары Жаңа 2016 жылдың басталуының белгісі отшашу тамашалайды. Мерекелік отшашу Есіл өзенінің жағасында, «Хан Шатыр» СОО жанында болады. Жаңажылдық салтанат көңілді байқаулармен, ойындармен және мерекелік би кешімен жалғасады.