«Алғашқы студенттік күз» байқауы университет қабырғасында осымен 13 жыл қатарынан өткізіліп отыр және оның басты мақсаты - 1 курс студенттерін бір-бірімен етене таныстыру, олардың арасынан белсенді де таланттыларды анықтап, ынталандыру.
Үш күнге созылған өнер додасына 8 факультеттен барлығы 600-ге жуық бірінші курс және оларды концертке дайындаумен айналысқан 400-ге жуық жоғары курс студенттері қатысты.
Байқаушылар «ән-би» жанрында, қазақтың ұлттық және заман ағымына сай әуендер мен билерді ұсынса, «аспазшы» жанрында жеке және оркестр болып домбыра, жетіген, дауылпаз, сылдырмақ сынды аспаптарда өнерлерін көрсетті. «Мәнерлеп оқу» сайысында авторлық және танымал ақындардың өлеңдерін, сондай-ақ биыл 53 жылдығын атап өтіп отырған Аграрлық университетке өз арнауларын жолдады. «Көңілділер мен тапқырлар» ұтқыр әрі ұтымды қалжындармен көрермендерді күлкіге бөлесе, «таңғалдырарлық жанрында» жастар, сабынды көпіршіктер шоу-бағдарламасын, пародияларды, акробатикалық және тағы да басқа өнерлерін ортаға салды.
Қазылар алқасының төрағасы, оқу орнының Тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Александр Майердің айтуынша, оқу орнына түсетін студенттердің арасында талапты да таланттылардың саны жылдан жылға артып келеді және олар «Алғашқы студенттік күз» байқауында қазылар алқасын өздерінің өнерлерімен шынайы таң қалдырады.
Ең үздік шыққан нөмірлер гала-концертке таңдап алынып, оның барысында жеңімпаз факультеттер жарияланды. Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды - энергетикалық, екінші орынды - экономикалық және үшінші орынды жерге орналастыру факультеттері иеленді.
Айта кетейік, үстіміздегі қарашада қалыптасқан дәстүр бойынша Конгресс-Холл сарайында осы жастарды студенттер қатарына қабылдау салтанаты өтеді.