Елордадан пәтер сатып алмақ болған 300-ге жуық адам алданып қалды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотқа дейінгі тергеу барысында "Expolis Invest VM" ЖШС басшылығының іс-әрекетінен елдің әртүрлі өңірінде тұратын 300-ден астам адам зардап шеккені анықталды.

Мән-жайды жан-жақты, толық және объективті тексеру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті құрылыс салушының әрекетінен зардап шеккен үлескерлерді 71-62-85, 8-775-968-77-34 телефондары бойынша тергеу басқармасына хабарласуды сұрады.

Сондай-ақ полиция мұндай жағдайға жол бермеу мақсатында құрылысты жүргізетін компаниямен келісімшарт жасау барысында бірнеше жайтқа назар аударуды сұрады:

  • жобалаушы мен құрылыс жүргізетін компанияның нақты заңды мекенжайы туралы деректер;
  • компанияның мемлекеттік тіркеуден өткенін растайтын құжаттар;

  • компания құрылтайшылары, жобалаушылардың құрылтайшылары туралы мәліметтер;
  • жеке тұлғалардың қаражаты есебінен құрылысқа рұқсат берілгені көрсетілген құзыретті орган берген лицензияның болуы;
  • құрылыс жүргізілетін жерге компанияның құқығын растайтын құжаттар;
  • объектіні салуға мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасы берген рұқсат;
  • құрылыс кезеңдері туралы мәлімет және оны аяқтау мерзімі туралы деректер;
  • құрылысты жүргізетін компанияның жосықсыз құрылыс салушылар тізімінде бар-жоғын тексеру.

Айта кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтан әкімдігі прокуратурамен бірлесіп мониторинг нәтижесінде үлескерлердің ақшасына қатысты заңсыз әрекет еткен 46 құрылыс компаниясын анықтады.